СҚО-дағы Киров атындағы зауыт 85 жылдығын атап өтті

16 Желтоқсан, 2013 12:00
СҚО-дағы С.М.Киров атындағы зауыт 85 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz .

Соғыс кезiнде қорғанысқа арналған құрал-жабдықтар шығарған кәсiпорын содан берi талай өзгерiстердi басынан өткердi. Бүгiнгi күнi онда телемеханикалық, радиобайланыстық бөлшектер дайындалады. Сонымен қатар осы уақытта өндiрiс орны сандық эфирлiк және спутниктiк телевидениеге арналған аппараттар шығарумен айналысады. Мұның барлығы зауыт сатып алған жаңа құрылғылардың арқасында жүзеге асуда. Атап өтетiнi, өндiрiс орны жыл санап заманауи техникалармен толығып, бiлiктi мамандардың да қатары артуда. Соңғы көрсеткiш бойынша зауытта 500 ден астам адам еңбектенуде. Олардың денi жастар. Кәсiпорын мемлекеттiң қолдауын ала отырып, жаңғырды. 

Зауыт «Бизнестiң жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысып, қаржылай қолдауға да ие болды. Өндiрiске қажет техника санын толықтыра түсу үшiн көп жылдар бойы еңбектенуде. Тапсырыстар портфелi де қомақты. Аталмыш өндiрiс орны әрдайым iрi компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жаңа техникалық жетiстiктердi меңгерiп отырады. 

Ал облыс әкiмi Самат Сапарбекұлы алып өндiрiс орнына 85 жыл толуымен Н.Погодин атындағы орыс драма театрында мекеме ұжымын құттықтады. Өз сөзiнде аймақ басшысы зауыт қызметкерлерi мен ардагерлерiн құттықтап, бұл мереке барша солтүстiкқазақстандықтар үшiн атаулы екенiн атап өттi. Сонымен қатар, ол қызметтерiн адал атқарғандарды марапаттады.
 

 

 

Барлық жаңалықтар