СҚО-да Тәуелсіздік күніне арналған жастар форумы өтті

16 Желтоқсан, 2013 11:30
Петропавлда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Іргелі елді бірге жасайық!» жастар форумы өтті.

 Форум мақсаты – жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, облыстың белсенді жастарын ынталандыру. 

Слетке жас депутаттар, жастар ұйымдары мен қозғалыстарының көшбасшылары мен белсенділері, спортшылар, «жасотандықтар», ынталы жастар орталықтары мен студенттік қозғалыстар өкілдері қатысты. 

Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов 2013 жылы жастардың атқарған жұмысын жоғары бағалап, соның ішінде еңбегімен ерекшеленгендерін марапаттады. Осылайша, «Ерлік көрсеткен жастар» аталымы бухгалтер Ксения Шестопероваға бұйырды. Ол осы жазда суға батқан ер адамды құтқарған болатын. 

Сондай-ақ «Үздік жас спортшы» аталымы бойынша марапат халықаралық деңгейдегі спорт шебері, грек-рим күресінің палуаны Ақан Баймағамбетовке берілді. «Үздік жас дарын» аталымы бойынша марапат өнер колледжінің студенті, республикалық қобызшылар байқауының 1-дәрежелі лауреаты Фариза Амантаеваға ұсынылды. Марапатқа барлығы 10 жас ие болды. Оларға сертификаттар мен естелік мүсіншелер және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Форум соңынан Солтүстік Қазақстан облысы жастарының үндеуі қабылданып, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Барлық жаңалықтар