ҚМ: Тәуелсіздік жылдары ішінде мықты әрі қуатты әскер құрылды

16 Желтоқсан, 2013 10:30
Қорғаныс министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болды, деп ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл мерекені Қазақстан Қарулы Күштерінің жеке құрамы жауынгерлік даярлықтағы жетістіктерімен қарсы алуда, соның нәтижесі ретінде өткізілген түрлі оқу-жаттығуларды, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған басқа да іс-шараларды айтуға болады», - делінген хабарламада.

Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жиналған генералдар мен офицерлерді, сержанттар мен азаматтық персоналды мемлекетіміздің басты мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«16 желтоқсан – барлық қазақстандықтар үшін, біздің бәріміз үшін ең маңызды күн. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында бірегей қазақстандық даму моделі қалыптасты. Қазақстан дамыған елдердің қатарынан орын алды. Жоғарғы Бас Қолбасшының тікелей басшылығымен қазіргі уақытта Қарулы Күштеріміз биік деңгейге көтерілді. Біз егемендікті сақтауға, бейбіт елді қорғауға әрқашан дайынбыз», – деді Қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қарулы Күштердің бірқатар әскери қызметшілеріне мерзімінен бұрын әскери атақтар мен грамоталар берілді.

Салтанатты жиын соңы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің концертіне ұласты.  

Барлық жаңалықтар