Жаңа қазақстандық патриотизм

ҚР Президенті бірқатар қазақстандыққа мемлекеттік наградаларды табыс етті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы14 Желтоксан , 14:10

«Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімін аша отырып, Тәуелсіздіктің 22 жылында елімізде бірқатар жақсы дәстүрлер қалыптасқанын атап өтті», - делінген хабарламада.

« Солардың бірі – Қазақстанның басты жалпыұлттық мерекесі қарсаңында республикамыздың ең лайықты азаматтарын марапаттау. Мұның өте символдық мәні бар, өйткені мемлекетіміздің тәуелсіздігі, осы жылдар ішінде сіздер мен біздер тұрғызғанның бәрі әрбір жеке адамның еңбегінен құралады», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев патриотизм, өз ісіне берілгендік, Отан игілігі жолындағы қажырлы еңбек – қызметі мен кәсібіне қарамастан марапатталғандардың барлығын біріктіретінін айтты.

«Бәріміз награда алу үшін жұмыс істемейміз, тек өзіміздің күнделікті ісімізді атқарамыз. Адам сүйікті ісіне жан-тәнімен беріліп, оған өзінің барлық күш-жігерін жұмсаған кезде награда мен мойындау оны өзі табады. Біз үшін ең құнды ортақ награда – жаңа биіктерді бағындырып келе жатқан, күллі әлемге танылған, өскелең Қазақстан. Өте жақсы атқарылған жұмыс үшін ең жақсы марапат – жұмысты одан әрі жақсы атқаруға мүмкіндік беру дейді ғой. Біздің қоғамның аса маңызды құндылығы – оны біріктіруші қажырлы еңбек. Сондықтан мемлекет атынан біз өз еңбегімен зор табысқа жеткен азаматтарға ерекше құрмет көрсетеміз. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Юрий Владимирович Пяға, Абзал Жұмашұлы Ералиевке және Иван Адамович Сауэрге беріледі», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Юрий Пя басында тұрған Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы бүгінде бүкіл республикаға және оның сыртында да белгілі екенін де атап өтті.

«Ол мыңдаған ересектер мен балалар үшін үміт пен шипагерлік символы саналады, өйткені ол жаңа өмір сыйлады. Орталық қысқа мерзімде барлық жаңа технологияны игерді және әлемде мойындалды. Мемлекет басқа да бірегей орталықтар салды. Денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлінуде, қаржыландыру жыл сайын артуда. Осы салаға бөлінетін қаражаттың Жалпы ішкі өнімге қатысты көлемі бойынша біз дамыған елдер қатарына жақындадық. Алайда бүгінде қажетті жұмысты ғимарат пен жабдықтар емес, нақты айтсақ, мамандар орындайды. Қазір Юрий Пя өздерінің бірегей әзірлемелерін жасау табалдырығында тұр. Биылғы жылы елімізде жүрекке 40 мыңнан астам әртүрлі ота табысты жасалды, ал оларды шетелдерде жасау көп шығынды қажет етер еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Абзал және К» кәсіпорны мен оның директоры Абзал Ералиевтің қызметіне ерекше тоқталды.

«Бүгінде серіктестік күріштің түсімі бойынша Қызылорда облысында көш бастап келеді. Компанияда күріш өсіруден бастап, дайын өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуге дейінгі толық өндірістік цикл енгізілген. Сондай-ақ, кәсіпорын күрішті шетелге басты экспорттаушы болып саналады. Ол адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға тұрақты түрде инвестиция салады. Мен бұл шаруашылықта бірнеше рет болдым және ол тұрған жерде саябақтары, әлеуметтік нысандары мен жақсы өмір сүру үшін қажетті нәрсенің бәрі бар гүлдей жайнаған нағыз қалашықты көріп таңғалдым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасының зор жетістігін атап өтті.

« «Родина» агрофирмасы – ауыл шаруашылығы ісін жүргізудің нағыз үлгісі. Мысалы, кәсіпорындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге 38 мың доллар болады. Бұл рекорд, себебі еліміз бойынша бұл көрсеткіш 7 мың долларға тең. Егерде жалпы алғанда, аграрлық секторда өнімділік «Родинаның» көрсеткішінің жартысына жақындаған болса, онда өнім көлемі басқаша болған болар еді. Мұнда өндірісті мінсіз дамытып қана қоймай, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарайды. Фирманың еңбеккерлері жұмыс істейтін кентте спорттық және әлеуметтік нысандар, жақсы жолдар, ауруханалар  салынған, жылу беру жүйесі орнатылған», – деді Мемлекет басшысы.    

Қазақстан Президенті бүгін жоғары мемлекеттік наградалар ғалымдарға, мәдениет пен өнер, білім және денсаулық сақтау салаларының қайраткерлеріне, өндіріс иелеріне, қоғам қайраткерлеріне, әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырылатынын атап өтті.

«Сіздердің бәріңіз жаңа Қазақстанды құра отырып, барынша үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерлеріңіз бен таланттарыңызды аянбай жұмсап келесіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз өз әріптестеріңізді және барлық азаматтарды зор биіктерге жігерлендіретініне сенемін. Өйткені, біздің алдымызда жаңа, анағұрлым ауқымды мақсаттар тұр. Нақ осындай жасампаздықпен алға қадам басу Тәуелсіздігіміздің басты мән-мағынасы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Салтанатты рәсімнің соңында Қазақстан Президенті барлық лауреаттарды марапаттарымен тағы бір рет құттықтап, еліміз олардың еңбегін лайықты бағалайтынын атап өтті. 

«Бұл сіздер үшін қуанышты оқиға әрі үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Сіздерге қарап жаңа лауреаттар өседі, осындай биіктерге жету үшін өзге үміткерлер ұмтылады. Еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Баршаңызға зор бақыт, бақ-береке тілеймін. Еңбектеріңіз үшін рахмет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері,  белсенді қоғамдық қызметі үшін Қызылорда облысының «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры А.Ж.Ералиевке, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Ю.В.Пя мен Ақмола облысының «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры И.А.Сауэрге берілді.

 «Отан» орденімен «Халықаралық бизнес университеті» ЖШС президенті К.Ә.Сағадиев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы В.С.Школьник, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен Атырау облысының әкімі  Б.С.Ізмұхамбетов марапатталды.                                      

Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлері, өндірістік сала  өкілдерінің еңбегі «Парасат»  орденімен атап өтілді, олардың арасында суретші Қ.С.Абаев, жазушылар Т.Әбдіков, Б.Бодаубаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  профессорлары Ж.М.Әбділдин, Қ.Салғараұлы, «Жан Анам» қайырымдылық қорының директоры М.Ілиясова, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры  М.З.Искандиров, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы С.І.Қожабаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің кафедра меңгерушісі М.Қ.Қойгелдиев, «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы Р.Отарбаев, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ төрағасының орынбасары А.Ю.Тараков, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың  директоры Т.Д.Теменов, Алматы облысы «ДРСУ-8» ЖШС директоры А.Г.Угрюмов, Қазақстан бокс федерациясының  вице-президенті Ю.А.Цхай бар.                                ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының мүшесі А.З.Алиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі Қ.Ә.Байбосынов, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ актрисасы А.Темірова, Қазақстандағы «Филия» грек қоғамдары қауымдастығының төрағасы П.И.Феодориди, Ресей Федерациясы «Ақжол» қазақ ұлттық мәдени орталығының президенті Т.Қ.Дүйсенбаев және басқалар ие болды.

«Құрмет» орденінің иегерлері Ақмола облысы «Зеленый Бор» шипажайы» ЖШС бас директоры Д.М.Аманжолов, ақын О.Асқар, Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының № 27 орта мектебінің мұғалімі Ш.Б.Бейсенбекова, Солтүстік Қазақстан облысы «Кирилловка-Айыртау» ЖШС механизаторы Ж.С.Ғабдуллин, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМҚК бас ғылыми қызметкері Ә.Қ.Машкеев, «Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті» АҚ ректоры С.А.Святов, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі М.М.Токарев, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» РМК аға шебері С.Б.Туров, Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Е.С.Құсайынов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Р.Шөкеев және т.б.  атанды.

Әскери және қызметтік бор­ы­шын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медальдарымен марапатталды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет, өндіріс пен әлеуметтік са­ланың 76 көрнекті өкіліне берілді, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 265 адам ие болды.




Яндекс.Метрика