• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жас қазақстандықтар 2050 Стратегиясы туралы: 2050 Стратегиясы - мен үшін келешектің кілті

Жас қазақстандықтар 2050 Стратегиясы туралы: 2050 Стратегиясы - мен үшін келешектің кілті

14 Желтоқсан, 2013 12:50
«Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» қабылданғанына бір жыл толуына орай Strategy2050.kz АА мектеп оқушылары арасында «Мен 2050 Стратегиясын қалай түсінемін?» тақырыбында конкурс ұйымдастырған болатын. Назарларыңызға үздік деп танылған жұмыстарды ұсынамыз.

Эльвира НАСЫРОВА,

12 «А» сынып, Назарбаев Зияткерлік мектебі

«Қазіргі таңда еліміздің тәуелсіздігін алып, бейбіт өмір сүріп жатқанына   22 жыл болды. XX  ғасырдың соңында  ел астанасы кішігірім қала еді. Бүгінгі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мүлдем бір басқа көріністі тамашалауға болады. Еуразия континентінің кіндігінде орналасқан “Астана” атты елордамыздың күннен-күнге көркейіп, құшағын одан сайын айқара ашып, өзіне еліктіріп тұрған бейнесі Елбасымыздың “Қазақстан - 2030” стратегиясының қорытындысы деп түсінемін. Ал еліміздің одан сайын көркеюінің, жас болса да жасампаз еліміздің одан да  гүлденуіне, дамуына  “Қазақстан - 2050” стратегиясы есік ашар кілт болар деген ойдамын. Сол үшін де «Стратегия – 2050» мен үшін жарқын болашаққа апарар  сара жол  болып саналады.

Жаңа саяси бағыттың ең басты міндеттерінің бірі – елдің білім беру жүйесін жақсарту. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Ыбырай атамыздың:        

“Оқысаңыз, балалар,

 Шамнан шырақ жағылар.

Іздегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар”- деген өлең жолдары  білімнің жарқын болашаққа апаратын тіке жолы екенін  адамзатқа көрсететіп тұр. Сол үшін біз, жас ұрпақ,  білім тоқып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар рухани байлықты зейінмен зерделесек, тәуелсіз, бейбіт өмір үшін жанын пида еткен  жауынгерлердің арманы да болмас еді.

 Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы жаhандану кезеңіне білек сыбана кіріп, елді технологиялармен жабдықтауды, индустрияны дамытуды  басты мақсат еткен. Ал осы құрылған жобалардың бірі – елімізде салынып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептері. Өз бойына барлық жақсы қасиеттерді сіңіріп алған осы білім беру ұйымдарының бірінде мен де  білім аламын. Назарбаев Зияткерлік мектебі биология және химия пәндерімен байланысты менің болашағыма айқын жол салар жүйелі білім беріп, сауаттылықты арттырады деген сенімдемін.

Достықтың мерейі, елдігіміздің іргетасы, атадан қалған асыл мұраның жоғалып кетпей, одан әрі қарай дамуы, іргетас ретінде қалануы - нағыз мәдени мұра. Сол мұраның ел ішінде бейбіт тірлік, ырыс-береке ретінде қалыптасуы нағыз бір патриоттық сезімдерін тудыратын құндылық болып есептеледі.

«Стратегия-2050» мен үшін келешектің кілті болып есептеледі. Ал келешек – жарқын істер, жемісін берер идеялар, озық технологиялар.  “Еңбекке үйренем десең, ерінбе, Өнерге үйренем десең, жерінбе” - дегендей, кез келген істі бастағанда соңына дейін жетізуге тырысу керек, аяқсыз тастауға болмайды».

Барлық жаңалықтар