ҚР МСМ кадрлардың кәсіптік даярлығына ерекше көңіл бөледі – Райымқұлова

10 Ақпан, 2017 16:59
ҚР МСМ келер ұрпақты тәрбиелеу, кадрлардың кәсіптік даярлығын күшейту, үштілді білім беру саясатын жүргізу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл жөнінде ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова Үкіметте өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономикалық өсудің жаңа моделін қалыптастыру мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің нақты бағытын айқындады. Осы бағыттағы маңызды басымдық адами капитал сапасын жақсарту болып табылады», - деді А. Райымқұлова.

Ол министрлік осы бағытта берілген басымдық аясында Мәдени саясат тұжырымдамасын, Спортты дамыту тұжырымдамасын және Тілдердің дамуы мен жұмыс істеуінің 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыратынын атап өтті.

«Осы бағыттағы маңызды міндеттердің бірі мәдениет, спорт, туризм және білім беру саласының сапалы әрі бәсекеге қабілетті басымдығының өсуі болып табылады», - деді А. Райымқұлова.

Сондай-ақ, ол келер ұрпақты тәрбиелеу, кадрлардың кәсіптік даярлығын күшейту, үштілді білім беру саясатын жүргізу мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

Жалпы Мәдениет және спорт министрлігінің негізгі міндеттері 16 ақпанда министрліктің кеңейтілген алқасында қаралатын болады.  

Сонымен қатар ол министрлікке туризм функцияларының берілуімен, еліміздің мәдени-туристік кластерлерінің тартымдылығын арттыру жұмысы жандандырылғанын да атап өтті.

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар