• Басты
  • Қарақия ауданының 180 тұрғыны ЖҚЖК аясында кәсіптік оқудан өтті

Қарақия ауданының 180 тұрғыны ЖҚЖК аясында кәсіптік оқудан өтті

10 Ақпан, 2017 17:34
Қарақия ауданының 180 тұрғыны ЖҚЖК аясында кәсіптік оқудан өтті. Бұл туралы Қарақия ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы қорытынды есебінде мәлім болды. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, облыстық басқарма басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Қарақия ауданының  әкімі айтқандай, ауданда  халық саны 36 мың адамды құрап отыр. Жұмыспен қамту орталығына жыл сайын 1600-ге жуық адам жұмыссыз болып тіркеледі. 2017 жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша аудандағы 715 тұрғын жұмысқа қабылданған.

Оның ішінде, 252 адам «Ерсай» ЖШС, «JanDig-S» және «СтамГазСтрой» ЖШС-ге, ал бюджет қаражаты есебінен оқытылған 189 жұмыссыз азаматтың 79-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ауданның әлеуметтік экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіптік оқытуға республикалық бюджеттен 247 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда дәнекерлеуші мамандығы бойынша 50 адам, монтаждаушы мамандығына 110 адам, қазан жабдықтарын аралаушы машинист мамандығына 29 адам оқытылды.

« Өткен жыл ауданымыз үшін табысты жыл болды. Өлкемізде көптеген жұмыстар жүргізіліп, әлеуметтік сала бойынша оң нәтижелерге қол жеткіздік. Құрық ауылында екі жаңа спорт алаңы, автокөліктер тұрағы салынып, әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер сатып алынды. Шалғайдағы Сенек пен Бостан ауылдарына 2 жедел жәрдем санитарлық автокөлігі табысталды. 13 мүгедекке арнаулы жүріп-тұру құралы, 36 мүгедекке протездік-ортопедиялық құрал, 11 адамға сурдо-тифло техникасы және мүгедек балаларға 5 жетек арбалар берілді», - деді Қарақия ауданының әкімі Әділбек Дауылбаев.

Жиын барысында үстіміздегі жылы тындырылатын игі істер мен түйткілді мәселелерге де басымдық берілді. Аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, газ құбыры мен су құбырын салу, электр және тоқ желілерін жүргізу сынды бұған дейін де жүргізілген жұмыстар келер жылы жалғасын табатынын айтты.

«Халық санының өсу қарқынын ескере отырып, 2017 жылы Ералы стансасынан 300 орындық мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Аудан әкіміне Бостан ауылындағы жаңа жер телімдеріне су және газ құбырын тартуды, Сенек ауылындағы спорт кешенін және тоқ желілері құрылысын аяқтауды, Жетібай ауылындағы ауылішілік жол құрылысын жалғастыруды, сондай-ақ, Құрық ауылындағы 500 орындық жатақхана құрылысын аяқтауды тапсырамын», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Барлық жаңалықтар