Қ.Айтуғанов: Агрокешендегі инвестиция көлемін 40 пайызға арттыру қажет

9 Ақпан, 2017 11:43
Көптеген көрсеткіштер бойынша Қазақстан аграрлық өнім шығаратын елдердің үздіктері қатарына ене алады. Бұл туралы Үкімет үйіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

«Қазіргі таңда аграрлық сала бойынша халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін қажетті инфрақұрылымдар арқылы өнімдердің қайта өңделуі деңгейін көтеру үдерісінің іске асырылып жатыр», - деді ол. 

«Бұл үшін былтырдан бері мақсатты түрде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 15 мың ЖҚШ-ға қызмет көрсететін 157 кооператив құрылып үлгерді. Олардың кешенінде жүзден аса сүт қабылдау пункті және жеті мыңдай отбасылық мал бордақылау алаңдары ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы кооперативтер саны екі еселенеді. Алдағы бес жылда жарты миллионға жуық ЖҚШ мен шағын шаруашылық кооперативтер қызметімен қамтылады», – деп атап өтті Қ.Айтуғанов.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 ақпанынан бері еліміздің барлық аймақтарындағы ауыл тұрғындарына осынау ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл үшін Министрлік тарапынан АШМ қызметкерлері мен ғылыми ұйымдар өкілдерінен құрылған сарапшылар тобы құрылды.Мұндағы басты міндет – әрбір ауыл азаматын ауыл шаруашылығы кооперациялары негіздері бойынша ақпараттандырып, бірігіп шаруашылық жүргізуге және нақты іске жұмылуына ынталандыру.

Ақбота Күзекбаев

Барлық жаңалықтар