ШҚО-да ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру науқаны басталды

7 Ақпан, 2017 17:59
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру есебінен сүт зауыттары мен ет өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын 105 мың тонна сүт пен 20 мың тонна етке дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сүт қабылдау пункттері мен отбасылық жемдеу алаңдарын құру арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру ауыл тұрғындарына қосымша субсидиялар алуға, жабдық құнының 50%-ына дейін өтеуге, өз өнімін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы Самат Қайырбеков мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері туралы айтып берді.

«Ауыл-ауылдарға барып, өнім жинау үлкен кәсіпорындар үшін пайдалы болмағандықтан, олар жеке қосалқы шаруашылықтармен жұмыс істеудің маңызы жоқ деп санайды. Кооперативтер өнім көлемін ұлғайтуға, оларды бір орталыққа біріктіруге мүмкіндік береді. Мысалы, сүт бөлшек саудада тиісті мөлшерде өткізілмейді және оның бағасы төмен. Зауыттар осы сүтті күн сайын қабылдап, белгіленген баға бойынша бір жерден жинау үшін көлік жіберуге дайын. Бұл ауыл тұрғындары үшін пайдалы. Кооператив мүшелері үшін өзіндік құн бойынша үлестірілетін азықты сатып алу, ветеринариялық қызметтер тұрақты түрде көрсетіледі, қолмен тұқымдандыру мүмкіндігі пайда болады. Кооператив ерікті түрде кіруге, басқарудың демократиялылығына негізделеді», – деп атап өтті С. Қайырбеков.

Сарапшы түсіндіріп өткендей, жеке қосалқы шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру сүт қабылдау пункттері, отбасылық жемдеу алаңдары желілерін құру арқылы жүргізілетін болады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары жүн және тері дайындаумен, жеміс және көкөніс өсірумен, омарташылықпен, отбасылық құс өсірумен, тауарлық балық шаруашылығымен қосымша айналыса алады.

Барлық жаңалықтар