• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР ІІМ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін айтып өтті

ҚР ІІМ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін айтып өтті

7 Ақпан, 2017 11:42
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, жол полициясы қызметкерлерін бейне тіркеуіштермен, жарық көрсететін жеңдіктермен, ақ қолғаптармен және нысанды киім үлгісінің басқа да қосымша элементтерімен қамтамасыз ету көзделеді. Бұл жөнінде ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша бейне тіркеуіштерді сатып алу жөніндегі іс-шараларды іске асыру мерзімі биылғы жылғы ақпанда іске асырылатын болады. Жол-патрульдік полициясының жұмысында таяқтарды пайдаланудан бас тартуға байланысты, өңір әкімдерінің қолдауымен ЖПҚ қызметкерлерін жарық көрсететін жеңдіктермен, ақ қолғаптармен және нысанды киім үлгісінің басқа да қосымша элементтерімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Осыған орай, әкімдіктердің қолдауымен ауылдағы учаскелік инспекторлардың автомобильдерін қатты сөйлейтін арнайы құрылғылармен және жарық сигналдарымен жарақтандыру жоспарланып отыр», - деп хабарлады Қ. Қасымов.

Ол жол қозғалысын қадағалау негізінен автопатрульдеу әдісімен жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Жыл басынан бері жол қозғалысын қадағалау негізінен автопатрульдеу әдісімен жүзеге асырылатынын ескере отыра, сондай-ақ өңір әкімдерінің қолдауымен полиция автопатрульдерінің санын тиісті нормасына дейін жеткізу міндеттерін кезең-кезеңмен шешетін боламыз», - деді министр.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері аясында өңірлерде жол қозғалысы қағидаларының бұзылуын техникалық бақылау және фото, бейне тіркеу құралдарын көбейту туралы мәселені кезең-кезеңмен шешу жоспарланғаны да белгілі болды.

«Олардың тиімді болатыны анық. Өткен жылдың өзінде ғана осы құрылғылар арқылы 900 мыңнан астам ЖҚҚ бұзушылықтары тіркелген. Қоғамдық тәртіпті қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, ең алдымен, қозғалысы көп көшелерде, адамдар көп жиналатын орындарда, базарларда, сауда орталықтарында және басқа да нысандарда бейне бақылау жүйелерін кезең-кезеңмен көбейту бойынша шаралар қабылдау болжанған. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің жұмысын дамыту мен жетілдіруге, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы үшін жағдайлар жасауға, азаматтарға қызметтер көрсетуге бағытталған бірқатар іс-шаралар көзделген. Түзету мекемелерінде сотталғандар үшін жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру бойынша іс-шаралар, сондай-ақ жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын нығайту бойынша іс-шаралар жоспарланған», - деп қорытты Қ. Қасымов.

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар