• Басты
  • Жаңалықтар
  • Семейде алдыңғы қатарлы еуропалық құрал-жабдықтар емдеудің тиімділігін арттырды

Семейде алдыңғы қатарлы еуропалық құрал-жабдықтар емдеудің тиімділігін арттырды

7 Ақпан, 2017 17:13
Семейде алдыңғы қатарлы еуропалық құрал-жабдықтар емдеудің тиімділігін арттырды , деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Семейге барған сапары аясында.

Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі энергетика қуатының жаңғыруы барысымен танысты, сондай-ақ жаңа жедел жәрдем ауруханасында болып, дәрігерлермен жүздесіп, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы белгіленген денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған басым бағыттарын талқылады, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Семей қаласындағы өзекті проблемалардың бірі – жылумен қамтамасыз ету мәселесі. Жергілікті энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткендіктен жиі бұзылып, қыс мезгілінде тұрғындарға қиыншылықтар туғызады.

Президенттің тапсырмасы бойынша бұл жерде энергетикалық қуатты түбегейлі қайта құру басталып кетті. Қаланың солтүстік жағалауы бөлігіндегі тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттардың 10 пайызын жылумен қамтамасыз ететін 1- жылу энергетикалық орталығын   жаңарту жұмыстары аяқталды десе де болады. Жергілікті тұрғындар жаңартылған жылу энергетикалық орталығының іске қосылуын асыға күтуде, алайда ол үшін  әлі де миллиардтан астам теңге қажет. Жобаны аяғына дейін жеткізу үшін өңір басшысы «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрады. Бүкіл Семей үшін бұл жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып, Мұхтар Құл-Мұхаммед мәселенің үкімет деңгейінде шешілуіне көмек көрсетуге уәде берді.

Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың салдарынан аймақтағы онкология ауруының деңгейі жоғары. Алайда дәл осы уақытқа дейін мұнда заманауи дигностикалық орталық болмаған еді, сондықтан да қатерді ісік ауруына душар болғандарға басқа қалалар мен әлем елдерінің ауруханаларына барып емделуіне тура келетін, мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді.

Заманауи медициналық жедел жәрдем ауруханасының  іске қосылуына байланысты мұндай қажеттіліктің керегі болмай қалды. Алдыңғы қатарлы еуропалық құрал-жабдықтар кешендік диагностиканы жасауға және ең алғашқы кезеңдегі сәуле ауруының белгілерін анықтауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде, емнің тиімділігін арттыра түседі.

Тек қана ауруханалардың техникалық жабдықталуына мемлекет екі жарым миллиардтан астам теңге салды, ал жобаның жалпы құны он миллиард теңгеден асады. Жыл сайын медициналық жедел жәрдем ауруханасы 30 мыңнан астам адам қабылдайды.

Семейдегі дәрігерлермен әңгімелесу кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент жария еткен «Үшінші жаңғырудың» бүкіл Қазақстанды қамтитынын және  денсаулық сақтау саласының да одан тыс қалмайтынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінген. Елімізде 1 шілдеден бастап жалпы әлемдік тәжірибенің тиімділігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Біз бұған дайын болып, медициналық қызмет көрсету саласының аясын мейілінше кеңейтуіміз қажет», - деді  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Өңірдің медицина қызметкерлері Мұхтар Құл-Мұхаммедке Елбасының Қазақстан халқына Жолдауымен мұқият танысып шыққандарын айтып,  Мемлекет басшысы белгілеп берген ел дамуының бағытын толық қолдайтындарын жеткізді. 

Барлық жаңалықтар