• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР азаматтарының жеке меншігін қорғау Конституцияға енгізілетін түзетулерге байланысты – сарапшы (ВИДЕО)

ҚР азаматтарының жеке меншігін қорғау Конституцияға енгізілетін түзетулерге байланысты – сарапшы (ВИДЕО)

7 Ақпан, 2017 10:19
Соңғы уақытта ҚР Конституциясының 26-бабына түзету енгізу қоғам арасында пікірталас туғызып отыр, онда «Азамат» деген терминді «Әрқайсысы» деген терминмен ауыстыру ұсынылады, мұнда меншік, жер туралы сөз қозғалып отыр. Осы түзету туралы заң ғылымдарының кандидаты, конституцияшы, ҚР ӘМ заңнама институты конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мереке Ғабдуәлиев Strategy 2050.kz АА-ға берген айрықша сұхбатында өз пікірін айтты.

«ҚР Конституциясының 26-бабында меншік туралы сөз қозғалатыны белгілі. Заң жағынан қарайтын болсақ, осы түзетулердің азаматтық-құқықтық аспектісі орын алады, «әрқайсысы» деген сөз «азамат» деген түсініктен кеңірек. «Әрқайсысы» деген кезде Қазақстанның азаматтары туралы ғана емес, сонымен қатар шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар туралы да айтамыз. Қазіргі уақытта Қазақстанның заңнамасына сәйкес, меншік, мысалы, пәтерлер, автомобильдер және басқа да мүліктік құқықтар басқа елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға тіркелген және біздің заңнамамыз бұл жағынан ықтиярлы. Сонымен қатар, меншікке жер де жатады, осы тұрғыдан басқа деңгейдегі проблема, басқа деңгейдегі пікірталас туындайды», - деді  М. Ғабдуәлиев.

Конституцияшы атап өткендей, конституциялық-құқықтық аспектідегі меншік бұл экономикалық билік те, сондықтан ҚР Конституциясының 26-бабын 6-баппен тығыз байланыста қарастыру қажет.

«Қазақстан Конституциясында жер заңда белгіленген шекте жеке меншікте бола алатыны көрсетілген және біз жер кодексі бар екенін білеміз, яғни біз осы реттеу мәселесін Парламенттік заң шығармашылығы деңгейіне шығарамыз. Алайда, Конституция деңгейінде азаматтардың ғана жеке меншігінде жерінің болуына құқығы бар екені туралы норма жоқ. Конституцияшы ретінде ҚР Конституциясының 26-бабын ауыстыратын болсақ, ҚР Конституциясының 6-бабына да өзгерістер енгізуді және жер ҚР азаматтарының немесе құрылтайшысы ҚР азаматтары ғана болып табылатын ұйымдардың жеке меншігінде бола алатынын көрсетуді ұсынамын. Бұл жағдайда егер біз ҚР Конституциясының 6-бабына түзетулер енгізетін болсақ, онда біз Конституция деңгейінде ҚР азаматтарының жеке меншігін қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеміз», - деп атап өтті М. Ғабдуәлиев.

Сондай-ақ, ол жерге меншік мәселесін Қазақстан Конституциясының преамбуласымен мәнмәтінде қарастыру қажет екенін айтты.

«Конституцияның мәтінін әлеуметтік-саяси аспект тұрғысынан да қарастыру қажет және азаматтардың меншігіне қатысты біз ұсынатын немесе осы түзетулердің бастамашылары ұсынатын реформалардың салдарын түсіну қажет деп ойлаймын. «Жер», «меншік», «азамат», «әрқайсысы», бұл терминологиялық дау емес, бұл біздің мемлекеттілігімізді қамтамасыз ету және Қазақстанның аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мәселесі», - деп қорытты М. Ғабдуәлиев.

Қайрат Жандыбаев

Видео Кенжетай Ақсейітов

Барлық жаңалықтар