• Басты
  • Жаңалықтар
  • Душанбеде Тәжікстанға қазақстандық локомотивтерді жеткізу мәселесі талқыланды

Душанбеде Тәжікстанға қазақстандық локомотивтерді жеткізу мәселесі талқыланды

6 Ақпан, 2017 19:52
Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов «Рохи охани Точикистон» МБК бастығы («Тәжікстан темір жолы») Комил Мирзоалимен кездесті, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Нұрлан Сейтімов Комил Мирзоалиді Қазақстан мен Тәжікстан арасында теміржол саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» Орденімен құттықтады.  

«Кездесуде екі елдің өкілдері теміржол саласындағы, соның ішінде Тәжікстанға қазақстандық «Evolution» локомотивтерін жеткізу бойынша екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Осы мәнмәтінде елші «Рохи охани Точикистон» МБК үшін қазақстандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерімен толық таныстырып өтіт», - деп атап өтілді ведомствода.

Тәжікстандық тарап тәжік темір жолының қажеттіліктері үшін Қазақстанда өндірілген теміржол машина жасау саласы өнімдерінің, бірінші кезекте рельстер мен жартылай вагондардың жеткізілуіне мүдделі екенін білдірді.  

Тараптар 2017 жылғы 15-16 ақпанда Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 13-ші отырысы теміржол саласындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне сенімділік білдірді.

Әңгіме соңында қазақстандық дипломат Комил Мирзоалиге кездесу үшін алғыс айтып, стратегиялық әріптестік рухында Қазақстан-Тәжікстан қарым-қатынастарын нығайтуда жемісті ынтымақтастық жасауға дайын екенін жеткізді. 

Барлық жаңалықтар