Халықаралық интеграция

Қазақстан және Бразилия өкілдері сауда-экономикалық қарым-қатынастарды талқылады

Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Қайрат Саржанов Сальвадор Баия штатының губернаторы Руи Коста дос Сантоспен кездесті, кездесу барысында Қазақстан-Бразилия сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту мәселелері, бірлескен жобалар жасау, Қазақстан мен Баия штатының іскерлік топтарының қатысуымен бизнес форумдар өткізу мүмкіндігі талқыланды.
Әлемде 06 Ақпан, 18:17

ҚР СІМ хабарлағандай, елші Бразилия өңірінің басшысын Қазақстанның 25 жыл ішіндегі жетістіктерімен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі арнайы үндеуінің негізгі ережелерімен, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарымен таныстырды.

Р. Коста Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруында табыс тілеп, жалғасып келе жатқан әлемдік дағдарыс жағдайларында цифрлық технологиялары бар жаңа салаларды таратудың өзектілігін атап өтті. Ол Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді, құрылысын Баия штатында өңір үкіметімен бірлесіп «Баия Минерасау» компаниясы жүргізіп жатқан «Оңтүстік порт» логистикалық кешенінің Бразилия үшін маңыздылығын атап өтті. Компания  тау-кен алыбы болып табылатын Еуразиялық топтың (ERG) бір бөлігі болып табылады, ол Бразилияда темір кенін өндіру және салынып жатқан порт арқылы одан әрі экспорттау үшін «Педра де Ферро» ірі кен орнын дамытуда.  

Губернатор Бразилия портты пайдалы қазбалардан басқа өнім экспорты үшін белсенді түрде пайдаланатынын, ал қазақстандық тарап болашақта осы порт арқылы өз экспорттық өнімін Латын Америкасы нарығына жеткізе алатынын атап өтті. 

Сондай-ақ, ведомствода оның Баия штатының іскерлік миссиясын контр-әріптестер табу және бизнес мүмкіндіктерін талқылау үшін Қазақстанға жіберуге ниетті екені айтылды.

Қазақстанның елшісі губернаторды Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне шақырды. 





Яндекс.Метрика