• Басты
  • 42500 теңге алу реттілігі белгілі болды
16 Шілде, 2020 12:23

42500 теңге алу реттілігі белгілі болды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік жәрдемақыны алудың тәртібін түсіндірді. Бұл жолы жәрдемақының қалай берілетіні туралы Strategy2050.kz тілшісі дайындаған материалдан білуге болады.

42500 теңге алу реттілігі белгілі болды

Елдегі туындаған жағдайға байланысты еңбек демалысына кетуге мәжбүр болғандар мен жалдамалы қызметкерлер жіберген өтінімдерді enbek.kz және E-gov порталдарында бақылауға болады. Жүйеде өтінімді тек жұмыс берушілер цифрлық қолтаңбамен растай алады. Порталдар қызметінің шектелу фактісін құрамына ҰКП мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды.

Өтінім беру еgov.kz – "электрондық үкіметтің" веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы, "Электрондық үкімет" telegram-bot-ы, Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы жүзеге асады.

Министр бір өтінішті бірнеше қайтара жіберу жұмысты қиындататынын түсіндірді.

 Сайтта да, телеграммда да басқа да платформаларда қатарынан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Бұл порталдың жұмысын қиындатады. Өткен жолы 18 млн. рет берілді. Сондықтан, екінші рет өтініш қаралмайды. ЖСН дұрыстап енгізіп, мұқият тексеріп, бір рет өтінім жіберіңіз. Картаның бетіндегі нөмірін емес, 16 саннан тұратын шоттың дұрыс мәліметтерін көрсетіңіз. Сіздің өтініміңіздің қабылданғанын күтіңіз және порталдағы мәртебеңізді бақылап отырыңыз. Құжаттарды қабылдау уақыты 1 қыркүйекке дейін ұзартылды,- деп түсіндірді министр.

 Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, порталдардың барлығы дайын, олар түнімен тестілеуден өткізіледі.

 Біз төлемдерді проактивті форматта тағайындауды қарастырамыз. Біз қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растауды сұраймыз. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады, – деп толықтырды министр.

 Жәрдемақыны алуға қатысты шектеулер бар екен. Алайда, министрдің сөзінше, бұл шектеулер ТЖ-ға қарағанда жеңілдеу.

 Әр өңірде санитарлық шектеулер әртүрлі. Көп аймақта өндірістер шектеумен болса да жұмыс істеп жатыр. Дегенмен Цифрлау министрлігімен бірігіп, жағдайы өзгермеген кісілерге хабарлама жіберіп жатырмыз. Егер «иә» деп бірді басып жауап берсеңіз, сіздерге проактивті тағайындау жасаймыз. Жіберген смс-ті растасаңыз, ертең порталда өтініш берудің қажеті жоқ. Сізге ақша түседі, - деді министр.

 Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, жәрдемақы, мемлекеттік сақтандыру қорынан тиісті төлемдер алып жүрген адамдар 42500 теңгеге үміткер бола алмайды. Олар бейресми жұмыс істеп жүргендердің қатарына кірмейді. Егер ресми жұмыс істесе, ол үшін жұмыс беруші өтініш береді. Ал егер жеке кәсіппен айналысса, жеке кәсіпкер ретінде беруге болады.

 ТЖ кезінде Бірыңғай жиынтық төлемді миллионнан астам адам төлеген. Бірінші рет өзінің бейресми жұмыс істегенін растаған. Министрлік 70 мыңға жуық адамға жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жұмыс тауып берген. Егер бұл азаматтар сол бойынша жұмыс істеп жатса, 42500 теңге ала алмайды.

 Студенттер мен декретте жүрген әйелдер де жәрдемақының бұл түрін ала алмайды. Суденттерге студент болғаны үшін төленбейді. Бірақ жұмыс істеп, ақысыз демалысқа кеткен болса, ол үшін жалдаушы өтініш береді. Жеке кәсіпкер болып, жұмысы тоқтап қалғаны үшін ала алады. Бірақ жұмыс істемесе, өткенде бір рет қана БЖТ төлеген, бір рет қана 42500 алған студенттер бұл жолы алмайды.

 Бүгінгі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен өткен жиында осы мәселелер белгілі болды.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар