• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев: Халықты білім беру реформалары бойынш тиімді хабардар ету қажет

Н.Назарбаев: Халықты білім беру реформалары бойынш тиімді хабардар ету қажет

3 Ақпан, 2017 18:07
Халықты білім беру реформалары бойынша тиімді хабардар ету қажет, деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің, үш тілде білім берудің және ҰБТ-ның жаңа жүйесінің маңыздылығына тоқталып, осы орайда бұл реформалардың мазмұнына қатысты халықты хабардар ету онша тиімді іске асырылмай отырғанын атап өтті. 

Осыған байланысты Қазақстан Президенті жауапты мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.  

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына ерекше тоқталып, солардың нәтижелеріне сәйкес көрсетілетін қызметтер сапасының артуы көзделіп отырғанын атап өтті.    

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұл саланы дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі төмен екендігін айтты.

«Түрлі елдерден сатып алынып жатқан құрал-жабдық бірқатар өңірде кәдеге аспай тұр. Тиісті бірізділендіру болмаса, оларды қалай пайдаланамыз? Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты да түйткілдер бар. Мемлекет нормативті дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ететіндігін баса айтқым келеді. Бұл ретте жаңа фармацевтік өндірістер салуға да мүмкіндік бермейтіндер бәсекелестіктен қорқады», – деді Мемлекет басшысы.   

Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министріне барлық түйткілді мәселелер бойынша талдау жүргізіп, шешім қабылдауды, реформаларды сапалы іске асыруды, сондай-ақ «СК Фармация» кәсіпорнында кадрлық ревизия жүргізуді тапсырды.

Барлық жаңалықтар