ҚР Президенті: Бизнеске нақты шарттар ұсыну қажет

3 Ақпан, 2017 18:01
Бизнеске нақты шарттар ұсынып, мемлекеттік тапсырыстың ұзақ мерзімге негізделген кепілдігін қамтамасыз ету қажет, деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Жиын барысында Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдаудың басты мақсаттары мен міндеттері талқыланды. Елбасы 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсатты индикаторларын назарға алуды тапсырды.

Кеңесте Ұлттық банк төрағасының, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің, Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму министрлерінің, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті әлеует бар екенін айтып, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін 5% деңгейінде сақтау қажеттігіне тоқталды.

«Таяу жылдары импорт алмастыру ішкі жалпы өнімнің 5%-ға дейінгі өсімін бере алады. Экспортқа белсенді түрде мемлекеттік қолдау көрсету жағдайында өнеркәсіптің басымдығы бар секторларындағы өсімнің өзі ғана 6 миллиард доллар болады. Бұл экспорттың көлемін 20%-ға дейін, ішкі жалпы өнімнің көлемін 5%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Орта мерзімді перспективада тек Қашағанның үлесі ішкі жалпы өнімнің 2-2,5% деңгейінде болады деп жобаланып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып, өңірлерде тұралап қалған жобаларға назар аударды. Елбасы әкімдерге даму институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды түзеуді тапсырды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен әкімдер тарапынан шешім қабылдауды қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелердің өзектілігін атап өтті.

Мемлекет басшысы қатысушылар назарын шағын және орта кәсіпкерліктің тауар шығару мен қызметтер көрсету деңгейінің төмендеуі, оның субъектілері мен онда жұмыс істейтін адамдар санының қысқаруы үрдістеріне аударды.

Қазақстан Президенті бизнесті реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің көп екенін ескертіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға қатысы жоқ басы артық кедергілерді азайтуды тапсырды.

«Үкімет жоспарлы тексерістердің тоқтатылғаны, қатерлерді басқарудың жаңа жүйесінің енгізілгені, мемлекеттік қызметтер көрсетудің электрондық нысанға көшкені жөнінде баяндайды. Алайда, тексеруші органдар қызметкерлерінің саны іс жүзінде қысқарған жоқ. Үкіметке Бас прокуратурамен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бақылау-қадағалау функцияларына ауқымды ревизия жүргізуді тапсырамын. Мерзімі – тоқсанның соңына дейін», – деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев бизнес саласындағы қазіргі заңнаманы ізгілендіру, сондай-ақ жаңа Кеден кодексін әзірлеу барысында әкімшілендіру рәсімін жеңілдету жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Ревизия жүргізіп, барлық тиімсіз салық жеңілдіктерін және артықшылықтарды алып тастау қажет. Салық заңнамасы іскерлік белсенділікті, инвестиция тартуды ынталандырып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мемлекеттік кәсіпорындар үлесін азайту қажеттігін, жекешелендірудің қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікте қалдырылуы негізді деп танылған ұйымдардың нақты тізімін жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Үкіметке «Yellow Pages» қағидатына сәйкес мемлекет иелігінде қалуға тиіс мекемелер мен кәсіпорындардың түпкілікті тізбесін әзірлеуді тапсырамын. Бұл тізбезге енбеген кәсіпорындар 2020 жылға дейін жекешелендірілуге немесе жабылуға тиіс. Бұған дейін бекітілген Жекешелендірудің кешенді жоспарының тізбесіне қатысты жұмысты 2020 жылға дейін емес, 2018 жылдың соңына дейін іске асыру қажет», – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың жеткіліксіздігін айтып, бұл жұмысқа тікелей әкімдер жауапты екенін атап өтті.

«Мемлекет-жекеменшік серіктестігін, әсіресе коммуналдық және әлеуметтік салаларда дамыту қажет. Мемлекеттік тапсырыстарды орналастырғанда орындаушы ретіндегі мемлекеттік мекемелердің жекеменшік сектор алдында ешқандай басымдығы болмауға тиіс. Үкімет рәсімдерді жеңілдету, үйлестіру тұрғысынан және әдістемелік, инфрақұрылымдық тұрғыдан барлық қажетті қолдауды қолдауды көрсетуге тиіс. Бизнеске нақты шарттар ұсынып, мемлекеттік тапсырыстың ұзақ мерзімге негізделген кепілдігін қамтамасыз ету қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Барлық жаңалықтар