• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2016 жылы Қазақстанның медициналық ұйымдарында 5 мыңнан астам шетел азаматтары емделді

2016 жылы Қазақстанның медициналық ұйымдарында 5 мыңнан астам шетел азаматтары емделді

3 Ақпан, 2017 15:34
Өткен жылы Қазақстанның медициналық ұйымдарында емделген шетел азаматтарының саны 2015 жылмен салыстырғанда 28%-ға артып, 5 мың адамды құрады. Медициналық қызметтер Түркия, Үндістан, Ресей, Үлыбритания, АҚШ, Корея, Қытай сынды алыс-жақын шетел азаматтарына көрсетілді.

Шетелдік пациенттердің арасында консультативтік-диагностикалық, стационарлық, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық, травматологиялық қызметтер, сонымен бірге, трансплантология және т.б. сұранысқа ие.

«Нейрохирургия ұлттық орталығы пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасының Joint Commission International ең жоғары халықаралық стандартымен сертификатталған. Аталған ұйым әлем бойынша шетел азаматтарына арналған ауруханаларды тексеріп, стандарттаумен айналысады. Орталықтың бұл стандарттарға сай келуі – медициналық туризмнің халықаралық нарығына жол ашты», - дейді Нейрохирургия ұлттық орталығы» АҚ-ның Басқарма басшысы Серік Ақшолақов.

«Алғашқы жылдары нейрохирургия орталығына медициналық туризм бойынша қабылданған адамдар саны аз болатын. Өткен жылы алыс жақын шетел мен ТМД елдерінен емделуге 35 пациент келді. Біздің орталықта ем алғысы келетін шетелдіктер саны күн санап өсуде. 8 жылда Нейрохирургия ұлттық орталығында 180-нен астам шетел азаматтарына ота жасалды», - деп хабарлады ол.

Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту – пациенттерге медициналық көмек көрсету шараларының сапасы мен қолжетімділігін, қауіпсіздігін арттырып, еліміздегі медициналық туризмді дамытуға жағдай жасады. Айта кету керек, Қазақстанда көрсетілетін медициналық қызметтердің бағасы шетелде көрсетілетін қызметтерден әлдеқайда арзан.

Министрлікте хабарлағандай, 2016жылы Қазақстанның медициналық ұйымдарында 5000  шетел азаматтары емделді. Бұл 2015  жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1377-ға (28%) артық ( 2015 жылы – 3623, 2014 жылы - 3206).

Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығында жүрек-қантамырлары жүйесінің ауруларын емдеу мен диагностикалау бойынша инновациялық медициналық технологиялар енгізіліп, сәтті қолданылып келеді. Орталық жетістіктерінің бірі VAD – жүректің жасанды қарыншасы имплантациясын ашық жүрекке бірегей, жоғары технологиялы оталар жасау бойынша Қазақстанның 22 ел қатарына кіруі болып отыр.  Орталық ғылыми-инновациялық даму аясында құрамында әлемнің  үздік 5 емханасы бар заманауи қосымша жүрек жүйесін (HeartMate III) қолдану бойынша мультиорталықтандырыған клиникалық зерттеуіне қатысты.

Қазіргі таңда медициналық туризмді дамыту бойынша жұмыс мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін «University Medical Center» корпоративтік қорының (әрі қарай - UMС) ұйымдары арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінде Астанада орналасқан UMC барлық республикалық орталықтарының JCI халықаралық сертификаттары бар және олар шетел азаматтарына медициналық көмек көрсету орталықтары болып табылады.

Сонымен бірге, медициналық туризм «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-да белсенді түрде дамып келеді.

Барлық жаңалықтар