- Басты
- Жаңалықтар
- Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті – Қ.Сұлтанов
Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті – Қ.Сұлтанов
Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов Елбасының Үндеуі мен Жолдауына қатысты пікірінде айтты.
«1995 жылы қабылданған Конституциямыз еліміздің әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін өркениетті дамыған мемлекеттер қатарына көтеру жолында нәтижелі қызмет етіп келеді. Біздің бүгінгі барлық жетістіктеріміз, мемлекеттік тәуелсіздігімізді баянды етуіміз тікелей осы Ата Заңымыздың қағидаттарын орындап, жүзеге асыруымызбен байланысты», - деді Қ.Сұлтанов.
Конституция – халық пен биліктің, адам мен қоғамның қарым-қатынасын айқындайтын құқықтық мемлекеттің іргетасы, негізі. Азамат құқы мен міндеті, мемлекет, мемлекеттік институттардың қызметі осы құжаттың ең өзекті мәселелері.
«Елімізде адам құқықтары мен бостандықтары ең басты әрі қасиетті құндылықтар ретінде танылуы саласында көптеген заңдар қабылданып, олар біздің жаңа қоғамымызда құқықтық кеңістікті қалыптастыруға оң ықпалын тигізуде. Бұл іске үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, құрылымдар, азаматтар да белсене қатысады. Құқық саласында көптеген азаматтық ұйымдар жұмыс істейді», - деді депутат.
Мәжіліс депутаты айтып өткендей, осы орайда Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі қоғамдық комиссияның да жұмысын атап өткен жөн. Бұл комиссия құрамына Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, дін, басқа да қоғамдық ұйымдар өкілдері кіреді. Комиссия жыл сайын елдегі құқықтық жағдайға сараптама жасап, Елбасына есептік баяндама дайындайды. Заңдар туралы өз пайымдаулары мен ұсыныстарын береді.
Конституцияға сәйкес республика азаматтары заңмен белгіленген медициналық көмектің көлемін, сондай-ақ тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға да құқылы.
«Мемлекет құрылысында, қоғам дамуында біз мемлекеттік тәуелсіздігімізге дейінгі ғасырлар бойы армандап, қол жеткізе алмаған көптеген жаңа, тың шешімдерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы – біз өркенді, сауатты, құқықтық, демократиялық мемлекет құруға бет алдық. Қысқа мерзімде біздің Тұңғыш Президентіміздің білікті, орынды озық бастамашылдығының арқасында Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықта белсенділік көрсетіп, өз пікір, ұсыныстарымен өңір, әлем мемлекеттерінің санасуы нәтижесінде халықаралық зор беделге ие болды. Сондай-ақ, дүниежүзілік қоғамдастықтың көрнекті мүшесі келбетіне иеленіп үлгерді», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Депутаттың айтуынша,Конституциямыздың ізгілікті, адам құқығын құрметтейтін әрі оның сақталуын қамтамасыз ететін мақсаттарына сәйкес біз өткен ғасырдың 90-шы жылдарында, бұрынғы саяси, экономикалық жүйенің күйреуіне байланысты болған алапат дағдарыстарды ойдағыдай еңсеріп, жаңа реформаларды жүзеге асыра алдық. Нұрсұлтан Назарбаев көпэтносты Қазақстан халқын бірлікке, ұйымшылдыққа ортақ мүдделілікке жұмылуға, бейбіт өмір құруға, жасампаздыққа шақырды. Халық қолдады. Осы құндылықтардың барлығы да Конституциямен бекітіліп, қоғамды заңмен өмір сүруге бейімдеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының да қоғамдағы орны мен рөлі Конституциядан орын алды. Ел ынтымағы ырысқа бастады. Ұлттық түсіністік пен татулықтың, бірліктің нәтижесінде Қазақстан халқы орасан қиындықтарды еңсеріп, жаңа Конституцияның мүмкіндіктерін пайдаланып, ізденіске, еңбекке бет бұрды. Тиімді экономикалық реформалар шетелдік инвестициялардың өндіріс салаларына келіп, жаңа технологияларға, жаңа жұмыс орындарына жол ашты.
«Үлкен дағдарыстың ең қиын жері жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу еді. Еңбек ету әр азаматтың ең басты құқының бірі екені хақ. Мемлекет осыған жағдай жасауды шартты міндеті көріп, қысқа мерзімде жүзеге асыра алды. Жаңа жұмыс орындары, жаңа өндірістермен қатар, жұмысшылар мен қызметкерлердің жаңа буынын дайындау, оқыту қажетіне де үзбей екпін беріліп келеді. Мемлекет қамқорлығын орынды пайдалана алған әрбір азамат өз таңдауымен жаңа мамандық меңгеріп, жұмыс орнын тұрақтандыруға мүмкіндігі бар. Бұл үрдіс, әсіресе, соңғы бесжылдықта үдемелі индустрияландыру бағдарламасына сәйкес жаңа мазмұнмен жүргізіліп, әр жыл сайын шамамен 200 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орындарына орналасып келеді», - деді депутат,
Елбасы өзінің жаңа Жолдауында да жоғарыдағы мәселелерге айрықша тоқталып, оның әлемдік бәсекелестік жағдайда үдей түсетініне екпін беріп отыр. Әсіресе, дүниежүзілік экономикалық, қаржылық дағдарыстар мен түрлі қайшылықтар кезінде мұндай шешімдер мен шаралардың маңыздылығы ерекше болар.
«Жаңа дәуірде мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған ең алғашқы сәттен бастап Конституциямыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген ұстаныммен дамып келе жатқанымызды әлемдік қоғамдастық алдында дәлелдей алдық. Оның жарқын көріністері біздің жаңа мемлекеттілігіміздің 25 жылындағы қол жеткізген жетістіктерімізбен айшықталып тұр», - деді ол.
Дүниежүзілік қоғамдастықта БҰҰ-да ресми танылып, тіркелген 200-ге жуық тәуелсіз мемлекет болса, солардың кез келгеніне ЕҚЫҰ Мемлекет басшыларының саммитін өткізу, ЭКСПО-17 халықаралық көрмесін ұйымдастыру немесе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлану сияқты үлес тие бермейді. Ол талаптарды тізбелеп шығудың өзіне көп уақыт кетер еді.
«Бізге қазір «жас» дегеннен гөрі, әйгілі, көрнекті, кемел мемлекет дәрежесіндегі жаһандық бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті, қуатты ел бола алғанымызды сезінетін уақыт жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз дүние жүзі мемлекеттерінің конституцияларын, басқа да құқықтық құжаттарын жан-жақты зерттеп, олардың даму, өркендеу жолдарымен танысып, өзіміздің ұлттық ерекшелік, дәстүрімізге сүйене отырып, мемлекет өмірінің «қазақстандық жолын» таңдадық. Кезінде талай елдің жақсы жағын көріп таңдансақ, ендігі жерде Қазақстанды көрген шетелдіктер таңданатын биікке көтерілдік», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «… Біз 1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жазылған Мәңгілік Ел ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің 15 ғасырлық тамырына нәр бердік, мәңгі жасыл етіп гүлдендірдік. Терең тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастырып, Мәңгілік Ел болудың дара жолына түстік», деп өркендеуіміздің «Қазақстан жолының» маңызына тоқталумен қатар, «Жаңа мемлекет құру мен реформалардың ең алдымен күшті президенттік билік арқылы ғана қамтамасыз етілгенін тәуелсіздік тарихы көрсетіп берді. Мемлекет дамуының жаңа сатысы елдегі істердің жағдайы үшін Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Қазақстан біздің Конституциямызда көрсетілгендей, президенттік басқару формасындағы мемлекет болған, қазір де солай және алда да солай бола береді. Сонымен бірге, өкілеттіктерді Президент, Үкімет және Парламент арасында бөліске салу мәселесін қарайтын уақыт та келді. Арнайы комиссия осы мәселелерді зерттеп, тиісті заңдарға, мүмкін Конституцияға да өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс енгізуі тиіс», – деп түйіндеп еді.
«Міне, біз жаңа конституциялық реформалар кезеңіне де келдік. Ұсынылған өзгерістер жобасы дамуымыздың алдағы жаңа кезеңінің талаптарына сай келетіндігіне сенімдімін», - деді ол.
Жеке меншік құқығын қорғау тетіктерінің күшейтілуі әрбір азаматқа да жағымды, тиімді болары сөзсіз. Жұмыс тобының меншік құқығына қол сұғылмайды деген конституциялық қағидатты бекітуді ұсынғаны да орынды. Бұл норма жекеменшік құқығына кепілдіктерді нығайта түседі, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділікті де арттыруға оң ықпалын тигізеді.
«Президент өз Үндеуінде тәуелсіз мемлекет болған алғашқы сәттен бастап, ширек ғасырда өткен жолымыздың ерекшеліктеріне айрықша тоқталып, сараптама жасады. Күшті президенттік басқару формасы өзінің тиімділігін дәлелдеді және осы тәсіл болашаққа да қызмет ететіні де құптарлық. Президенттік басқару – ел басқарудың жаңа өнегелі үлгісі болды. Оның мемлекет тарихындағы атқарған рөлі де, тәжірибесі де теңдесі жоқ рухани байлығымыз, тарихымыздың дәуірлеу кезеңі», - деді ол.
Біздің еліміздегі президенттік басқару институты мен Президент тұлғасы және оның мемлекеттік қайраткерлік еңбегі туралы тек отандық зерттеушілер ғана емес, дүние жүзінің ең беделді сарапшылары мен саясаткерлері де өз пайымдаулары мен пікірлерін жариялап жатыр. Бұл да кез келген елдің басшыларына көрсетіле бермейтін құрмет. Ұлтымыз өз ұландарының озық тұлғалары үшін мақтана алатын жағдай, деп атап өтті депутат.
«Ендігі кезеңде заң шығарушы билік пен атқарушы биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру әрі тиімді ету міндеті тұр. Сондай-ақ Парламенттің бақылаушылық тетіктері мен мүмкіндіктері күшейтілмек. Енгізілмек өзгерістер жобасы осы мәселелерді шешуге арналған, Президенттің жаңа бес институттық реформасын өмірге мейлінше батыл араластырып, билік институттарының халық сұранысы мен мұқтажын орындауда ортақ жауапкершілікпен жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделеді. Осы орайда қабылданған заңдардың, атап айтқанда, «Ақпаратқа қол жеткізу», «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдардың қоғамда нәтижелі жұмыс істеуі айқындалған. Қазір әртүрлі деңгейде әкімдіктер, министрліктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер де жұмыстарын бастап, бюджет, тағы басқа маңызды мәселелерді қарап, талқылауда белсенділік көрсетіп жүр. Мұның тікелей азаматтық қоғамның мемлекеттің мақсат-мүдделеріне оң ықпалын тигізетініне сенім мол.Жалпы, енгізіліп отырған өзгерістер жобасы біздің мемлекетіміздің тәжірибе жағынан да, рухани сана биігінен де, болашаққа деген даму тұрғысынан да дер кезінде көтеріліп, болашағымыздың игілікті боларына кепілдік беретін мазмұнды қадамдар екені талассыз», - деп түйіндеді Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов.
Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов Елбасының Үндеуі мен Жолдауына қатысты пікірінде айтты.
Егемен Қазақстан
-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды» -
Қосшы қаласында «Алтын домбыра» айтысы өтті -
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды -
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері -
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады -
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы -
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды -
Президент тапсырмасы: Жаңа жылдан бастап кімдердің жалақысы өседі -
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды -
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция -
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды -
Қазақстанда Pfizer вакцинасымен кімдер егіледі, қайда және қалай жүзеге асады -
Ғылымдағы жаңашылжықтар: Не өзгерді -
Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді -
Сарапшылар: «Қазақстан студенттер альянсы» дайындаған рейтингтер сапасыз»