• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Марокконың дипломатиялық ведомстволары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Марокконың дипломатиялық ведомстволары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

13 Желтоқсан, 2013 11:20
Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігінің Бас хатшысы Насер Буританың төрағалығымен ҚР Сыртқы істер мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер және ынтымақтастық министрліктері арасындағы саяси консультациялардың 2-ші раунды болып өтті, деп Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Консультациялар барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен дамыту перспективаларын, сондай-ақ түрлі салалардағы байланыстарды кеңейту жоспарын, сауда-экономикалық, инвестицияларды қорғау және ынталандыру жөніндегі және дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерін визалық талаптардан босату туралы Үкіметаралық келісімдер жобаларына қол қоюға дайындық мәселелерін талқылады», - делінген хабарламада.

Тараптар халықаралық және өңірлік көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасты. Консультациялардың қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды, саяси консультациялардың кезекті раундын Марокконың астанасы Рабатта өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Сонымен қатар, сапар барысында Н.Буританың ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР Мұнай және газ министрлігінің Жауапты хатшысы Қанатбек Сафиновпен кездесулері болып өтті. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ректоры Болатбек Әбдірасиловпен болған кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Марокко Корольдігі Сыртқы істер және ынтымақтастық министрлігінің Марокко дипломатиялық академиясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

 
Барлық жаңалықтар