• Басты
  • Жаңалықтар
  • Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы – бірінші басымдық – Назарбаев

Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы – бірінші басымдық – Назарбаев

31 Қаңтар, 2017 12:59
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз етуге арналған бес басымдық туралы айтады, олардың біріншісі Қазақстан экономикасының жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы болып табылады.

«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет», - деді Н. Назарбаев.

Президенттің айтуы бойынша, елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек.

«Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек», - деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

«Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс», - деді Н. Назарбаев.

Президент келесі кешенді міндет ретінде жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру керектігін айтты.

«Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар. Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керектігі туралы айтты.

«Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек», - деп атап өтті Н. Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз Жолдауында қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырды.

«Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек. Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен,  ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет», - деді Н. Назарбаев.

Елбасының айтуы бойынша, экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.

«Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс», - деп атап өтті Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуы бойынша, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.

«Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», - деді Н.Назарбаев.

Президент жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. 

«Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет. Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет», - деп атап өтті Н. Назарбаев.  

Елбасының айтуы бойынша, урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.

«Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар», - деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатынын айтты. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс.

«Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.  Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек», - деді Н. Назарбаев. 

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар