Қазақстан нарығын импорттық тауар басып алады деу негізсіз – Р.Ошақбаев

6 Наурыз, 2013 00:00
Қазақстанда импорттық тауарлар қаптап кетеді деген ой негізсіз. Бұл туралы «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Рақым Ошақбаев мәлім етті.

«Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістікке енуінің белгілі бір теріс салдары бар, ал оның үстіне біз ДСҰ-ға кіретін болсақ, өз өнеркәсібімізді жоғалтып аламыз деген пікір қоғамдық ортада қалыптасып отыр. Бұл мәселеге нақты тоқталып өтсек, бірінші кезекте ДСҰ-ға мүшеліктен біз қандай нәтиже күтеміз деген сауалды қарастырайық. Ең алдымен тарифтер деңгейі өзгеретін болады. Қазақстан Кеден одағына енбес бұрын орташа кедендік тарифіміздің деңгейі 6,2%-ға жуық болды. Кеден одағына енгеннен кейін, қазіргі уақытта, қателеспесем, шамамен 11,4% деңгейінде, яғни 5,2%-ға артып отыр», - деді Р.Ошақбаев.

Оның айтуынша, сарапшылар ұсынып отырған мәліметтерге көз жүгіртіп өтетін болсақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеннен кейін еліміздің кедендік тариф деңгейі Ресей Федерациясының тарифі деңгейіне жақындай түспек. 

«Қалай алғанда да ол Қазақстанның Кеден одағына кіргенге дейінгі көрсеткішінен жоғары болмақ. КО-ға енгенге дейін біздің нарықтарымызға тауарлардың қолжетімділігі бойынша бізде либералдық шарттар болды. Қазіргі таңда олар жоғары, шамамен төмендейтін болады. Десек те, олар КО-ға енгенге дейінгі шарттардан жоғары болмақ. Сондықтан, Қазақстанда үшінші елдерден келген импорттық тауарлар қаптап кетеді деген ой негізсіз», - деп түйіндеді ол.

Барлық жаңалықтар