Қазақстанда 2017 жылы 192 мың тоннадан астам құс етін өндіру жоспарлануда

17 Қаңтар, 2017 10:28
Қазақстанда 2017 жылы жұмыртқа өндірісі - 3,7 млрд дананы, құс еті өндірісі 192,7 мың тоннаны құрайды, деп хабарлады Қазақстанның құс өсірушілері одағының баспасөз қызметі.

2010 жылдан бастап құс өсіру шаруашылықтары асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мен дамытуға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау бағдарламасына қатысады.

Ағымдағы жылғы 10-14 қаңтар аралығында құс өсіру саласында үлкен жұмыс тәжірибесі бар қаржыгерлер, технологтар, зоотехниктер және ветеринариялық дәрігерлер кіретін, 12 адамнан тұратын жұмыс комиссиясы құс өсіру фабрикаларынан субсидиялау өтінімдерін қарастырды.

Жұмыс барысында комиссия 57 құс фабрикасынан өтінімдерді қарады: 32 жұмыртқа бағытындағы, 17 бройлерлік, 3 суда жүзетін, 1 күркетауық өсіру, 7 асыл тұқымды шаруашылықтар.

«Құс өсіру шаруашылықтарынан алынған ала деректер бойынша 2017 жылы жұмыртқа өндірісі -  3,7 млрд дананы, құс еті өндірісі 192,7 мың тоннаны құрайды», - делінген хабарламада.

Қазақстанның құс өсірушілері одағының деректері бойынша 2016 жылы жұмыртқа өндірісі - 5 млрд данадан астам, құс еті өндірісі 157 мың тоннадан астам (соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарда да) құраған. 

Барлық жаңалықтар