• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жамбыл облысындағы құрылыс компаниясы 2017 жылы 30 мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр

Жамбыл облысындағы құрылыс компаниясы 2017 жылы 30 мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр

9 Қаңтар, 2017 17:48
Мәжіліс депутаттары Фахриддин Қаратаев пен Мұхтар Ерман аймақтарға сапар кезінде Тараз қаласындағы «БиномСтройдеталь» тұрғын үй қырылыс жабдықтарын жасау кәсіпорнында болды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған  «Қолжетімді  баспана-2020» бағдарламасының жергілікті  жерде  жүзеге асуына кәсіпорынның қосып отырған үлесі қомақты. Былтыр Тараз қаласында осы кәсіпорын құрылысшылары 12 мың шаршы метр тұрғын үй салып, ел игілігіне ұсынған.

Комбинат  биылғы жылы 30  мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр. Бұл ретте аудан орталықтарына да көпқабатты тұрғын үйлер салынатын болады.

Халық қалаулыларын мұндағы жұмыс  барысымен кәсіпорын директоры Кеңесхан  Аралбаев  таныстырды. Депутаттар су шаруашылығына қажетті науалар, іргетас  блоктар, үй  құрлысына қажетті жабдықтарды көзімен көріп, отандық өнімдерге көңілі толды. Халық қалаулысы  Фахриддин Әбдінәбиұлы өзімізде шығарылған әр  отандық өнім  үлкен жетістік екенін айтса, депутат Мұхтар Ерман «Нұрлы жер» бағдарламасының  жүзеге асырылуына  тоқталып, құрылыс салуға бөлінген жердің инфроқұрылымы  талапқа сай болуы қажеттігіне  ерекше тоқталды.

Халық қалаулылары  комбинат жұмысшыларымен де ашық жарқын, еркін әңгіме өткізді. Мұнда 125 адам еңбек етсе, олардың орташа жалақылары 85-90  мың теңге көлемінде.

Халық қалаулылары «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің орталық ғимаратында да болды. Сондай-ақ, олар Айша бибі кесенесін, Қарой ауылындағы «Нұр әлім» жекеменшік балабақшасын, Полатқосшы ауылындағы «Берсанукаев»  ЖШС-нің шұжық цехын аралап, жұмыс барысымен  танысып, қарапайым  тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерге назар аударды.

Депутат Фахриддин Қаратаев мұндай кездесулерде айтылған әр ұсыныс құнды екенін, әр тұрғынның  пікірін Мәжіліс мінберінен  шешуге күш салатындарын айтты.

Барлық жаңалықтар