• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстандық 5000 теңгелік банкнот номиналы 2012 жылдың қорытындысы бойынша үздік болып танылды

Қазақстандық 5000 теңгелік банкнот номиналы 2012 жылдың қорытындысы бойынша үздік болып танылды

11 Желтоқсан, 2013 15:59
Лондон қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін «2012 жылдың үздік банкноты» номинациясында марапаттау рәсімі өткізілді, оған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Қ.Н. Келімбетов қатысты, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

«Бұл марапатты ағымдағы жылдың мамыр айында Халықаралық банкнот  қоғамдастығы (International Bank Note Society) 2012 жылдың үздік банкноты үшін  тағайындады. Халықаралық банкнот қоғамдастығы 2012 жылы бүкіл әлем бойынша шығарылған 100-ден астам жаңа банкноттың ішінен 2011 жылы шығарылған жаңа дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік Қазақстан банкнотын жеңімпаз ретінде таңдай отырып, купюраның дизайны мен идеологиясын, сол сияқты оның техникалық тұрғыдан орындалуы мен қорғалуын үздік деп таныды», - делінген хабарламада.

Атап өтсек, 5 000 теңгелік банкнот 2011 жылғы 30 желтоқсанда шығарылды. Банкноттың дизайнын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің дизайнерлері жасады. Банкнот Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасында басып шығарылды.

Халықаралық банкнот қоғамдастығы – бүкіл дүние жүзінен банкнот 
жинаушылардың тәуелсіз бірлестігі, олар жыл сайын өздерінің www.theibns.org.сайтында интернет-дауыс беру арқылы жылдың үздік банкнотын таңдайды. Бұл коммерциялық емес білім беру ұйымының мақсаты – білім беру, ғылыми және тарихи аспектілерде бүкіл дүние жүзінен банкноттар мен қағаз ақшасын зерделеу. Қоғамдастық мүшелері 90-нан астам елдердің сарапшылары болып табылады. Бүгінгі күні қоғамдастықтың 2 000-нан астам мүшесі бар. 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар