Алматы облысында «Талдықорған-Алматы» әуе қатынасы ашылды

11 Желтоқсан, 2013 15:20
Бүгін «Талдықорған-Алматы» әуе рейсі ашылды, деп хабарлайды «BNews.kz» агенттігі облыс әкімдігіне сілтеме жасай отырып.

«Облыс әкімі Ансар Мұсаханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жақында ғана өткен брифингте Талдықорған мен Алматы арасында әуе рейсінің ашылатынын айтқан болатын. Автожолды жөндеуге байланысты бүгін алғашқы әуе рейсі іске қосылды», - дейді әкімдіктегілер.

Әкімдіктің мәліметінше, «Жетісу» әуе компаниясының Як-40 ұшақтары аптасына төрт рет қатынайды (дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі мен жексенбі). Жұмыс күндері ұшақ Талдықорғаннан 10:00-де шығып, кейін қарай 12:00-да қайтады. Ал жексенбі күні Талдықорғаннан 14:00-де, Алматыдан 16:00-де ұшырылады. Ұшу ұзақтығы 40 минут.

«Як-40 ұшағы 34 орынға есептелген. Ұшу қауіпсіздігіне техникалық қызметкерлер жауап береді. Әуе компаниясының барлық ұшақтары күрделі жөндеуден өткізілді», - дейді «Жетісу» Әуе компаниясы» АҚ вице-президенті Раиф Гимадиев.

«Айта кету керек, 13 жыл бұрын «Талдықорған-Алматы-Талдықорған» рейсі болғаны белгілі, алайда сұраныстың жоқтығынан аталмыш рейс тоқтатылған еді. Ал қазіргі таңда сұраныс артып келеді. Өйткені қазіргі кезде халық уақытын үнемдеуге мүдделі. Оның үстіне Алматы-Өскемен жолының жөнделуі де әуе қатынасының жолын ашып отыр», - дейді Р.Гимадиев.

Оның айтуынша, билет құны 7500 теңге. 2 мен 15 жас аралығындағы балаларға 50 пайыздық жеңілдік бар.

Әкімдіктің айтуынша, билеттің өзіндік құны 12 мың теңгені құрайды. Бұны төмендету әкімдіктің араласуымен субсидия тарту арқылы мүмкін болып отыр. Яғни, билеттік белгілі бір мөлшерін әкімдік өз мойнына алып отыр.

Алдағы уақытта рейстің жиілігі артуы мүмкін дейді әуежай қызметкерлері.

 

Барлық жаңалықтар