ЕЭК ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің бірыңғай тізілімін қалыптастырады

20 Желтоқсан, 2016 13:46
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет ауыл шаруашылығы өсімдіктері сұрыптарының бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекіту жөніндегі шешімдердің жобаларын мақұлдады, деп хабарлады Комиссияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің уәкілетті органдарының осы саладағы ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін технологиялық құжаттар бекітілді.

Бірыңғай тізілімге ұлттық тізілімдерге енгізілген ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сұрыптары туралы өзекті мәселелер кіреді. Мұндай ақпаратты ЕАЭО ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арналары бойынша Одақ елдерінің уәкілетті органдары ұсынатын болады. Электрондық түрде тізілімнің толтырылуы үшін ЕЭК жауапты болады. Тізілімге енгізілген ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сұрыптары туралы мәліметтер Одақтың ақпараттық порталында орналастырылады.

«Қазіргі уақытта сұрыптар бойынша бірыңғай база жоқ. Бұдан бөлек, уәкілетті органдар электрондық тізілімдерді Одақтың барлық мемлекеттерінде бірдей жүргізбейді. ЕАЭО аясында бірыңғай тізілімнің құрылуы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне және басқа мүдделі тұлғаларға Одақтың барлық мемлекеттерінің тізілімдерінен сұрыптың шаруашылық-құнды қасиеттері және олардың белгілі бір климат жағдайларында пайдалануға жарамдылығы туралы ақпаратқа қолжетімділік алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ЕЭК өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Сергей Сидорский.

ЕАЭО мемлекеттері Одақ аясында Ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналымы туралы келісімді қабылдағаннан кейін құжаттардың жобалары ЕЭК Алқа отырысында қаралады.  

Барлық жаңалықтар