Сарыағашта 30 мың шақырым жол жөндеуден өтті

17 Желтоқсан, 2016 12:14
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында 30 мың 823 шақырым жол жөндеуден өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын сарыағаштықтар ерекше қуанышпен қарсы алды.  Атап айтсақ, «Самал» мөлтек ауданында көше құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. 

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары С. Тасқұлов құрылысты мезгілінде аяқтаған мердігер компанияға алғысын білдірді. Кезең-кезеңімен жүргізілген құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 2 млрд 53 млн теңге бөлінгенін де айта кеткен жөн. Нәтижесінде Сарыағаш ауданында жалпы ұзындығы 30 мың 823 шақырымдық магистральді жолдар мен ішкі көшелер жөндеуден өткен.

Сондай-ақ осы күні Сарыағаш ауданы Жаңаталап елді мекенінде 75 орындық мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Мәдени ошақтың құрылысына облыстық бюджеттен 55 млн 80 мың теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Құрылыс –сервис СК» мердігер компаниясы жүргізген.

Мерекеге тарту болған мәдениет нысаны құрал-жабдық, компьютер, жиһаздармен толық қамтамасыз етілген. Мәдениет үйінің жанында заман талабына сай жабдықталған кітапхана, оқу залы, жоғары жылдамдықта істейтін интернет, телефон байланыстары бар.

Сарыағаш қаласындағы күрделі жөндеуден кейін  жаңаша кейіпке енген  «Жеңіс» саябағы да мереке қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. Ашылу салтанатында сөз алған Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Қ. Қыстаубаев қала тұрғындарын мерейлі меркемен құттықтап, қаланы көркейту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатынын жеткізді.

Барлық жаңалықтар