Павлодар облысында 25 жылда 80 өнеркәсіптік кәсіпорын ашылды

15 Желтоқсан, 2016 16:53
Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, өнер саласындағы зиялылар, соғыс және еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде жаңа Қазақстан - Ұлы Дала елі құрылды. Біздің басты байлығымыз – тұрақтылық пен ырыс-береке, бейбітшілік пен ұлтаралық келісім. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Назарбаевтың салиқалы мемлекеттік саясатының нәтижесі екені сөзсіз. Ширек ғасыр ішінде біздің облыс ел экономикасының құрамдас бөлігі ретінде тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына өз үлесін қосты. Аймағымызда 80-нен астам өндірістік кәсіпорын ашылды.

Облыстың келесі озық жобаларының іске қосылуының экономикамыз үшін маңызы өте зор болды: металл алюминий шығаратын Қазақстан электролиз зауыты, жіксіз құбыр шығаратын зауыт, хлор мен каустикалық соды шығаратын зауыт, сондай-ақ, облысымызда мыс өндіре бастаған Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты. Бұл комбинат Қазақстан тарихына соңғы жарты ғасыр ішіндегі еліміздің ең ірі индустриялық құрылысы ретінде енетіні сөзсіз.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде облысымызда 25 мың оқушыға арналған 49 мектеп салынды, апаттық жағдайдағы мектептер мен үш ауысымдық оқу мәселесі толық шешілді. 93 жаңа бақша салынып, қалпына келтірілді, 261 шағын орталық ашылды. Бұл бізге балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтуға мүмкіндік берді. Денсалық сақтау нысандарының саны екі есе артты. Диагностикалық, кардиохирургиялық, перинаталдық және гемодиализдік орталықтар ашылды. Заманауи ірі спорт нысандары пайда болды – Павлодарда «Астана» мұз сарайы, Бокс орталығы, «Баянтау» спорт сарайы, Ақсуда Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайы».

«Бүгін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша екі ірі нысан ашылды. Бұл тәулігіне 10 мың көлік өткізетін Орталық Азиядағы ең ірі аркалы көпір өткелі. Ақсуда Ұлттық қор қаражаты есебінен салынған 280 орындық балабақша ашылды. Сондай-ақ, бүгін біз «Сарыарқа» шағын ауданында жаңа тұрғын үйді пайдалануға бердік. 25 жыл ішінде барлығы 3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Қазір Елбасы бізге еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы және әлеуметтік тұрғыдан жаңғыруы үшін бұдан да ауқымды міндеттер жүктеп отыр. Оларды ойдағыдай іске асыру Қазақстанның әлемнің барынша дамыған елдері қатарына енуін қамтамасыз етеді. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы – біз Елбасыны қолдаған, бірлігі жарасқан, еңбексүйгіш халықпыз, - деп атап өтті аймақ басшысы Болат Бақауов.

Салтанатты жиында мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен марапатталған аймақ тұрғындарына мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті. Барлығы 52 адам.

 

Барлық жаңалықтар