Қазақстан Тәуелсіздік күнін мерекелеуде

16 Желтоқсан, 2017 10:02
Қазақстан елдің басты ұлттық мерекесі – Тәуелсіздіктің күнін мерекелеуде.

Айта кетейік, 1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады.

«Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының символдық мәні бар. Парламент қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшықтаған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік кезеңіндегі басты жетістіктерге тоқталып өтті.

«Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайыбының» жарқын үлгісін көрсетті», – деді Елбасы.

Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді.

Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады.

Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына енді.Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялады. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды.

Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады.Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етудің тәжірибесіне ие.Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Барлық жаңалықтар