Қ.Тоқаев Израиль Премьер-министрімен кездесті (ФОТО)

14 Желтоқсан, 2016 18:53
Сенатта Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Астанаға алғашқы рет келген Израиль Мемлекетінің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Мейманмен кездесуде Қ. Тоқаев Б. Нетаньяхудің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерінің қорытындылары түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық парламентшілер Израиль Кнессетімен диалогты нығайтуды және өзара іс-қимылды өрістетуге сенім артады.

Төраға 2008 жылы парламенттік делегация басшысы ретінде еврей мемлекеті тәуелсіздігінің 60 жылдығына орай Израильге сапары туралы әңгімеледі. Қ.Тоқаев Қазақстанның саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлімен мейманды таныстыра отырып, Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген институционалды реформаларды заңнамалық тұрғыда қолдау туралы әңгімеледі. Әңгіме барысында саяси, экономикалық және гуманитарлық, сондай-ақ халықаралық және аймақтық қауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды.

Израиль үкіметінің басшысы Астанаға дәстүрлі Қазақстан-Израиль достық қатынастарын жаңа әрі жоғары деңгейге шығару үшін келгенін атап өтті. Израиль жоғары технологиялармен бөлісуге және Қазақстанға инвестициялармен жәрдемдесуге дайын. Б.Нетаньяхудің пікірінше, екі мемлекет еркін сауда, тікелей әуе қатынастарын қалыптастыру және бірлескен бинес-жобаларға жан-жақты көмектесу туралы уағдаласуы керек.

 

Барлық жаңалықтар