Павлодар облысында 2017 жылы инвестжобаларға 16 млрд теңге бөлінеді

12 Желтоқсан, 2016 19:57
Павлодар облысында 2017 жылы инвестжобаларға 16 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлады бұл туралы облыстық мәслихат депутаттары Павлодар облысының үш жылға арналған бюджетін қабылдау барысында мәлім болды.

Өңдеу жұмыстарына 602  миллион теңге бағытталады. Бұл 2016 жылғыдан 3,5 есе көп (2016 жылы – 170,7 млн. теңге). 2017 жылдың бюджетінде табиғат сақтау шараларына 792,2 млн теңге, бизнесті қолдауға және дамытуға 1,8 млрд теңге жұмсалмақ.

Орталық деңгейде 200 орындық облыстық онкологиялық диспансер салу мәселесі шешілді, бұл мақсатта 2017 жылға 700 миллион теңге қарастырылды. Баршаға мәлім, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жағынан облысымыздың көрсеткіші төмен - 19,8 %.     

Осы есепке алынып, 25 инвестициялық жобаға 7 миллиард 377 миллион теңге бөлінді. 2017-2019 жылдары қолдау көрсетілген жобаларды іске асыру 2020 жылға қарай орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіне қолжетімнің облыстық көрсеткішін 29,0%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. Тұрғын үй құрылысына 1 миллиард  665 миллион теңге трансферт қарастырылған. 100 километрден астам     облыс жолдарын жаңартуға республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінді.

Майқайың кентінде 110 орындық балабақша салу жоспарланған, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Мамайыт Омаров атындағы ауылдың мектебіне жаңғырту жұмыстарын жүргізу, ал Шарбақты ауылындағы кітапхананы балабақшаға айналдыру, Евгеньевка ауылында дәрігерлік амбулатория, Тобылжан ауылында медициналық пункт құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

«Үш жылдың бюджетін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс  атқарылды. Ұсынылған мәселелердің барлығы 100 % қаралды. Тағы нақтылау болады, бірқатар мәселелер бар, 2,5 млрд теңгеге бұдан да көп жобаларды қарауға әзірміз, алайда, бүгінгі таңда бюджеттік қаражатты іске асыруға әкімдердің барлығы бірдей әзір емес. Кей жағдайларда жобалардың қорытындысы мен негіздемесі болған жоқ, жобалық-сметалау құжаттамасына қаражаты жеткен жоқ. Бюджет қамтымаған мәселелерді біз білеміз. Оларды шешу жолдары бар, жобалық-сметалау құжаттамалар әзірленуде, осыны бірлесіп шешетін боламыз. Алдымызда екі міндет тұр – бұл қолда бар қорды тиімді де сапалы игеру, конкурстық рәсімдерді уақтылы өткізу. Үш жыл ішінде әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, аймақтың негізгі басымдықтарын іске асыруға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жағдай жасалатын болады», - деді  аймақ басшысы Болат Бақауов.

 

Барлық жаңалықтар