Семейде Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды (ФОТО)

12 Желтоқсан, 2016 17:14
Семейде Тәуелсіздік күні қарсаңында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылуы өтті.

720 білім алушыға арналған мекемеде сыни және жасампаз ойлауды дамыту, үштілді ортада оқыту, шығармашылық және зерттеу қабілеттерін ашу үшін барлық жағдайлар жасалған, деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы. 

Мемлекет басшысының бастамасымен бірегей білім беру жобасының ашылуы ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында өтті. Семей тұрғындарын осы айрықша күнмен ШҚО әкімі Даниал Ахметов құттықтады. 

Мектеп құрылысы 2,5 жылға созылды. Аяқталғаннан кейін 23 160 шаршы метрді құрайтын ауданда өзінің сәулетімен таң қалдыратын үш қабатты ғимарат бой көтерді. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі ауылды жерлерден келген дарынды балалардың қолайлылығы үшін оқу корпусының тұратын жермен біріктірілуі болып табылады.

Қазіргі уақытта Назарбаев зияткерлік мектебінде оқуға іріктеуден барлық өңірден 645 дарынды бала өтті. Олардың қабілеттерін дамыту үшін стандартты оқу аудиторияларынан басқа соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылған химия және физика зертханалары, нанотехнологиялар мен биотехнологиялар, робототехника, өнер кабинеттері, кітапхана, акт залы, дене шынықтыру-спорт аймағы көзделген. 

Оқыту Кембридж халықаралық емтихан кеңесімен бірлесіп әзірленген ықпалдастырылған білім беру бағдарламасы бойынша өтетін болады. Сондай-ақ әлемдік білім беру кеңістігінде қабылданған критерийлік бағалау жүйесі енгізілген. Оқытушылар құрамы «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен 122 педагогтен тұрады.

Білім алушылар сыни және жасампаз ойлау қабілетін дамыту үшін инновациялық курстарға баратын болады. Оқудың басынан бастап «IELTS», «SET» таңдамалы курстарында халықаралық емтихандар тапсыруға дайындық жүргізіледі.  

Барлық жаңалықтар