ШҚО-ның 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті 304 млрд теңгені құрайды

10 Желтоқсан, 2016 11:37
Бүгін кезекті сессияда облыстық мәслихаттың депутаттары 2017-2019 жылдарға арналған ШҚО бюджетін бірауыздан мақұлдады. Осы құжат бойынша өңірдің даму бюджеті 124 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр. Ал жалпы бюджет көлемі 304 млрд теңгені құрап, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи максимумға жетпек, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Бюджет қаражаты Мемлекет басшысы атап көрсеткен әлеуметтік-маңызды мәселелерді шешуге бағытталатын болады. Бірінші кезекте ол – «Нұрлы жол» инфроқұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың есебінен 11 млрд теңгедей қаражат қарастырылып отыр.

«Бұл 64 миллиард теңгеге қосымша Еуропалық қайта құру және даму банкімен жасалған келісім бойынша тағы да қаражат болады.  Қазірдің өзінде 38 миллиард теңгенің жобасы бар, алдағы уақытта бұл соманы 60 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделуде. Бұдан бөлек мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында  20 млрд теңге қаражат тартылатын болады. Алдағы жыл ШҚО үшін инвестициялық даму жылы болады», -  деп нақтылады облыс әкімі Даниал Ахметов. 

2017 жылы облыстың көлік инфроқұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Оның ішінде Семей мен Өскеменнің әуежайларын қазіргі заман талабына сай қайта қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мұның сыртында аталған екі қаланы абаттандыру үшін әрқайсысына қосымша 1 млрд теңге бөлінеді.

Облыс орталығында автокөлік жолдары желісінің өткізу мүмкіндігін ұлғайту мақсатында келер жылы жолдар мен көшелерді қайта құруға бағытталған 18 жоба іске асырылмақ. Аталған жобаларға сәйкес жүргізілетін құрылыс жұмыстары алдын ала есептеулер бойынша 7,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Бұған дейінгі апаттық және орын саны тапшы мектептердің мәселесін шешу мақсатында басталған жаңа білім ошақтарының құрылысы жалғасын тауып, Өскемен қаласында 1000 оқушыға арналған білім ұясы мен аурухана салынады. Ал гематологиялық орталық құрылысының қолға алынуы өңір халқы үшін аса маңызды оқиғалардың біріне айналмақ.

Аймақтың спорт саласында айырықша сәттердің бірі ретінде Семей қаласында бой көтеретін спорттық-мәдени кешенді және Абай ауданының орталығы Қарауылда салынатын бассейнді атап өтуге болады. Сондай-ақ, құны 1 млрд теңгені құрайтын Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайын қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады.

Тұрғын үй құрылысында негізгі басымдық бұрынғы қарқынды ары қарай ұстап тұруға бағытталады. Ол дегеніміз барлық қаржыландыру көздері арқылы жылына 340 мың шаршы метрден кем емес тұрғын үй құрылысы.

Сонымен қатар әкімдік баспана салуға және «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек Девлопмент» және НИК-тің тұрғын үй нысандарына қажетті инженерлік желілер жүргізуге атсалысады.

Бұған қоса 2017 жылы облыс үшін экономикалық маңызды жобаның бірі – Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін құны 23,6 млрд теңгені құрайтын көпір құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Барлық жаңалықтар