Есеп комитеті мембюджетке 1 млрд теңгеге жуық қаражатты қайтарды

8 Желтоқсан, 2016 16:39
Есеп комитеті 2016 жылдың 9 айы ішінде 210 нысанда 15 аудиторлық іс-шара жүргізді, анықталған бұзушылықтардың сомасы 701,1 млрд теңгені құрады, осы ретте қаржылық бұзушылықтар көлемі 80%-ға азайды, деп хабарлады есеп комитетінің мүшесі Айгүл Мұхаметкәрім ҚР Парламентінің Сенатында өткен «Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың жаңа моделі» атты дөңгелек үстел барысында.

«Егер жаңа форматтағы сыртқы мемлекеттік аудит органдары жұмысының алдын ала нәтижелері туралы айтатын болсақ, есеп комитеті 2016 жылғы 9 ай ішінде 210 нысанда, соның ішінде 10 мемлекеттік орган мен олардың ведомстволарында 15 аудиторлық іс-шара жүргізді. Аудитпен қамтылған қаражат көлемі 3,3 трлн теңгені құрады, анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы - 701,1 млрд теңгені, соның ішінде қаржылық бұзушылықтар - 78,1 млрд теңгені, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар - 364 млрд теңгені, тиімсіз пайдаланылған қаражат 259, 4 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік аудитке көшу жағдайларында анықталған қаржылық бұзушылықтар көлемі 80%-ға азайғанын атап өту қажет», - деп хабарлады А. Мұхаметкәрім.

Сарапшының айтуы бойынша, өзгерістер «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның қабылдануымен байланысты.

«Есеп комитетінің аудиторлық іс-шараларының нәтижелері бойынша 2016 жылғы 9 ай ішінде 41,5 млрд теңге немесе қаржылық бұзушылықтар көлемінің 55,9%-ы өтеліп, қалпына келтірілген, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19 млрд теңгеге немесе 1,8% артық. Аудит қорытындылары бойынша ҚР үкіметіне 26 ұсыным және мемлекеттік аудит нысандарына 144 тапсырма берілді, 116 лауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 19 материал жіберілді, олар бойынша сотқа дейінгі тексеру жүргізілуде», - деп қосты А. Мұхаметкәрім.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар