• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық конференциясы басталды (ФОТО)

Астанада «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық конференциясы басталды (ФОТО)

8 Желтоқсан, 2016 16:18
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды.

Екі күндік ғылыми конференцияның басты мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қазіргі жағдайын қарастыру, елдің егемендігін нығайтуда қол жеткен жетістіктерді талдау.

Халықаралық конференцияға  Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер және Голландияның, АҚШ, Ресейдің, Беларусьтің, Қырғызстанның, Өзбекстанның сарапшылары қатысуда, деп хабарлады кітапхананың баспасөз қызметі.

Сарапшылар өздерінің баяндамаларында тәуелсіз Қазақстанның тарихын, ұлттық экономиканы жаңғырту нәтижелері мен басымдықтарын, ғылыми-инновациялық саланың жетістіктері мен басымдықтарын, қоғамның тұрақты дамуының басты көзіне айналған мәдени мұра тақырыптарын кеңінен қарастыруда.

«Мемлекет басшымыз салған қазақстандық жолды ғылыми тұрғыда зерделеу, ұлттық тарихи сананы тереңдету және қазақстандық отансүйгіштікті күшейту – конференцияның басты мақсатына айналып отыр. Оған отандық сарапшылар мен ғалымдармен қатар шетелдік ғылыми қауымдастық өкілдері асқан қызығушылық білдірді. Жолданған баяндамаларда бірлік пен келісімнің қазақстандық үлгісі, Елбасының елдің әлеуетін нығайтудағы айрықша рөлі, қарыштаған Қазақстанның әлемдегі биік беделі кеңінен қарастырылған. Бұл Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірлік пен тұрақтылыққа үндейтін бастамалары мен идеяларын төрткүл дүние ерекше ілтипатпен қабылдайтынын білдіреді», - деп атап өтті конференцияның ашылу салтанатында Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.

Конференцияның жұмысы барысында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттілікті қалыптастыру мен нығайтудағы рөлі» тақырыбында пленарлық мәжіліс және «Жаһандану ахуалындағы Қазақстан», «Қазақстан дамуының әлеуметтік-мәдени бағыттары: өткені, бүгінгісі, болашағы», «Инновациялық технологиялар: білім, ғылым, тәжірибе» тақырыптарында секциялық отырыстары өтті. Онда тәуелсіздікті және ұлттық бірлікті нығайтудағы қазіргі ғылым мен тәжірибенің маңызды мәселелері кеңінен талқыланды.

Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ғылыми қауымдастық үшін тиімді сұхбат алаңына айналды. Оның арқасында Қазақстандық жолдың басты бағыттарын талдауға және бағалауға, республиканың көпвекторлы саясатын жүзеге асыруда, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастыруда, отандық тарихи ғылымды жаңғыртуда мемлекеттің даму басымдықтарын айқындауға жол ашып отыр.

«Қоғамдық адами құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасады. Мемлекеттік идеологияның немесе ұлттық идеяның негізін қалыптастыратын аталмыш моральдық қағидаларсыз мемлекеттің дамуын көзге елестету екіталай. Билік зияткерлік қоғам арқылы елдегі жағдайды бағамдап, өткенге ғылыми баға береді, келешектің негізін қалайды. Оның жарқын үлгісін Қазақстан паш етіп отыр», - деп атап өтті конференция барысында Башқұртстан мемлекеттік университеті тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Роза Буканова.

Конференция қатысушылары тарих ғылымын дамытуда тәжірибе алмасу және күш-жігерді біріктіру мақсатындағы кездесулердің маңыздылығы мен қажеттілігін ерекше атап өтіп, конференцияның қарарын қабылдады. Олар қорытынды құжаттағы материалдар жаһандану дәуірінде мемлекеттің дамуына жағымда ықпал ететініне сенімдерін білдірді. «

Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының баяндамалары жинақ түрінде жарық көреді.


 

Барлық жаңалықтар