• Басты
  • Г.Әбдіқалықова: 9330-дан астам «Болашақ» стипендиясының иегерлері тәуелсіздік жылдары ішінде жоғары деңгейде білім алды

Г.Әбдіқалықова: 9330-дан астам «Болашақ» стипендиясының иегерлері тәуелсіздік жылдары ішінде жоғары деңгейде білім алды

7 Желтоқсан, 2016 17:46
Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен шет елдерде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2017 жылға арналған стипендиялар саны талқыланды.

Г. Әбдіқалықова бүгінгі отырыс ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

«Болашақ» бағдарламасының іске асырылуының 23 жылы ішінде 9339 адам әлемнің үздік университеттерінде жоғары деңгейде білім алды. «Болашақ» президенттік стипендиясы – бұл әлемдік білім беру жүйесіне жылдамдатылған сәтті интеграцияны қамтамасыз етуге мүмкіндік берген Қазақстанның ұлттық жобасы», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы.

Г. Әбдіқалықова «Болашақ» бағдарламасының бәсекеге қабілетті түлектері Қазақстанның одан әрі дамуы мен гүлденуіне маңызды үлес қосатынын, сондай-ақ «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге қол жеткізуге белсенді қатысатынын атап өтті.  

Комиссия отырысы аясында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Шет елдерде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларын орындау туралы есебі тыңдалады, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты бірқатар мәселелер қаралады.

Бұдан бөлек, отырыс аясында комиссия шешімімен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша құрастырылған 2017 жылға арналған басым мамандықтар тізбесі бекітіледі. Сонымен бірге, отырыстан кейін 2017 жылға бөлінген халықаралық бағдарлама гранттарының саны белгілі болады.

«Болашақ» стипендиясы магистратура мен докторантурада оқудан өтетін, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамаға жіберілетін үміткерлерге беріледі.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар