2020 жылға таман Жетісу өңірінде 7 млн шаршы метр баспана салынады

10 Желтоқсан, 2013 16:30
Алматы облысында 2020 жылға дейін «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша ауданы 7 036,9 мың шаршы метр баспанаға пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BNews.kz облыстық құрылыс басқармасына сілтеме жасай отырып.

«Оның 743,4 мың шаршы метрі республика бюджеті есебінен жалға берілетін және несиелік тұрғын үй, 147 мың шаршы метрі облыстық бюджет есебінен салынатын коммунальдық тұрғын үй, Ал ең басты көрсеткіш - 6 146,5 мың ш/м жыл сайын өсіп келе жатқан мемлекеттік емес қаржыландыру есебінен салынатын жеке тұрғын үй құрылысы», - дейді құрылыс басқармасы өкілдері.

2013 жылдың 10 айында «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен жоспарланған 729,8 мың ш/м тұрғын үйдің 727,6 мың ш/м-ы пайдалануға берілді.

«Осы көрсеткіштің басым бөлігі – 460 мың ш/м жеке тұрғын үй құрылысы. Жеке нарықтың үлесі арқасында Алматы облысы елімізде тұрғын үй құрылысын салу бойынша Астана, Алматы қалаларымен бірге алғашқы үштікте тұр», - дейді мамандар.

«Бұл мәліметтер инженерлік және көлік инфрақұрылымы бар дайындалған жер телімдері болған жағдайда бұдан да көп болуы мүмкін еді, алайда осы фактор өңірдегі жекеменшік құрылыс саласының дамуына кедергі болып келеді», - дейді құрылыс басқармасының өкілі

 

Барлық жаңалықтар