• Главная
  • Астанада мүмкіндігі шектеулі адамдар қолдан жасаған бұйымдардың көрмесін өткізді
5 декабря, 2016 20:19

Астанада мүмкіндігі шектеулі адамдар қолдан жасаған бұйымдардың көрмесін өткізді

Астанада «Ұлы дала елі» 25 игі іс» акциясы шеңберінде «Хан Шатыр» сауда орталығының базасында елорда әкімдігінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Астанада мүмкіндігі шектеулі адамдар қолдан жасаған бұйымдардың көрмесін өткізді

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараның ұйымдастырушылары – елорданың Жұмыспен қамту басқармасы мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы. Көрмеге қатысушылардың арасында қаладағы және елордаға жақын жатқан өңірлердің бес үкіметтік емес ұйымының қолөнершілері бар. Шара мүмкіндігі шектеулі адамдардың ынтасын арттыруға және олардың қызметін насихаттауға бағытталған, дейді ұйымдастырушылар.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолдарынан шыққан әлемдік брендтерден еш кем түспейтін түрлі кәдесыйлар, киіз, моншақ, табиғи тастардан жасалған бірегей бұйымдар ұсынылды.

Көрме қатысушыларының арасында «Ғажайып шеберлер әлемі» айрықша қажеттіліктері бар адамдарды қолдау орталығының негізін қалаушы Рауза Балмағамбетова бар, ол 2011 жылдан бері құлағы нашар еститін адамдарды қамқорлығына алып, кәдесый өнімдерінің өндірісін жолға қойған.

Оның айтуынша, бастапқыда кәсіпорында екі адам еңбек еткен, ал үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 38-ге жеткен.

«Менің бар қалағаным - бұл адамдарды аяғына нық тұрғызып, олардың шеберліктерін көру. Оларды кәсіпке үйрету - шағын жоба, бірақ ол еңбектенуді, төзімділік пен көп назарды қажет етеді. Бірақ бүгінгі көрме іске аспайтын мақсат болмайтынын көрсетті. Бүгінде әкімдіктің қолдауымен біздің бұйымдар елорданың ірі сауда орталықтарында, «Бәйтерек» монументінде қойылған, бұл әлеуметтік әріптестіктің, және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың көрсеткіші болып табылады. Біздің ендігі мақсатымыз – « ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу», - дейді Рауза Балмағамбетова.

Сонымен қатар, шараға мүгедектердің «Дос» Тәуелсіз өмір» ҚБ өкілдері де қатысты, олар келушілердің назарына сәндік-қолданбалы, қыш пен ағаштан жасалған бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ, концерттік бағдарлама әзірледі. Бүгінгі күні қоғамда мүгедектіктің түрлі топтарына жататын 15 адам еңбек етеді.

«Біз әлеуметтік кәсіпкерліктің жаңа деңгейіне шықтық. Бүгінгі көрмеде біздің шығармашылық ұжым алғаш рет өнер көрсетті. Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шеңберінде өз жетістіктерімізді көрсетуге қуаныштымыз», - деп мәлім етті әкімнің мүгедектер мәселелері жөніндегі көмекшісі Дина Ерділдинова.