Қазақстан Президенті – еліміздің ілгері дамуының сенімді кепілі

1 Желтоқсан, 2016 10:34
Бүгін Қазақстан еліміздің Тұңғыш Президенті күнін атап өтуде. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халқы үшін еліміздің ілгері дамуының сенімді кепіліне айналды. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық дамуының қорытындылары - бұл өмірдің барлық салаларындағы толық ауқымды реформалар, экономиканың тұрақты өсуі, әділ әлеуметтік саясат, қоғамның жүйелі демократиялануы – осының барлығы Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарын іске асыру нәтижесі. Strategy2050.kz АА халықаралық сарапшылардың Қазақстан Тәуелсіздігінің дамуы туралы пікірлерін жариялайды.

Қытай Халық Республикасы сыртқы істер министрлігінің елшісі Яо Пейшэн:

- ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бастамалары, қол жеткізген мақсаттары Қазақстанды «үлкен» елге айналдырды. Қазақстан Президентіне инновациялар рухы тән. Н. Назарбаев сыртқы әлем әріптестерімен ынтымақтастық жасау мүмкіндігін жібермейді. Ресеймен және Қытаймен, сондай-ақ басқа елдермен тығыз әрі достық көрші қарым-қатынастар орнатылған. Мемлекет ЕО-мен және АҚШ-пен іскерлік байланыс орнатты. Президент екіжақты қарым-қатынастарда ғана емес, сонымен қатар көпжақты қарым-қатынастарда да проблемаларды шешуде кең пейілділік және икемділік таныта алады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Рашид Алимов:

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының мәселелерін шешудің уақыт талабына және халықаралық қатынастардың қазіргі жағдайына жауап беретін амал-тәсілдерін тұжырымдамалық түрде негіздеп, практикада іске асырды. Қазақстан тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде сәтті, тұрақты және беделді мемлекетке айналды.  

Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстандағы өкілі Хенриетте Кифер:

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдардың басында елде әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, дағдарыс құбылыстары орын алып жатқан қиын уақытта басшылықты өз қолына алды. Ол елді дамудың барлық қиын кезеңдерінен өткізді және бүгінгі таңда Қазақстан ХХІ ғасырға сәтті аяқ басқан жақсы дамып келе жатқан ел болып табылады.

Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников:

- Мен үшін елші ретінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің санына кіруін атап өту маңызды, дауыс беру нәтижесі Қазақстанның едәуір басымдығын көрсетті. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері қатарында бола отырып, БҰҰ-ның халықаралық істердегі орталық рөлін нығайту, бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту игілігіне жұмыс істейді деп сенемін.

Барлық жаңалықтар