• Басты
  • Жаңалықтар
  • Венада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақ кітапханасы» ашылды

Венада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақ кітапханасы» ашылды

11 Қараша, 2016 16:29
Қазақстан Республикасының Австриядағы елшілігінде «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл – қазақстандық авторлардың 25 кітабы» деген ұранмен «Қазақ кітапханасы» жобасының ашылуы өтті.

ҚР СІМ хабарлағандай, жоба аясында осы уақытқа дейін қазақстандық авторлардың 25 туындысы неміс тілінде басып шығарылған. Олардың арасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, сондай-ақ Мұхтар Әуезов, Тахауи Ахтанов, Герольд  Бельгер, Дүкенбай  Досжан, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова  және  Олжас  Сүлейменов сияқты белгілі қазақстандық жазушылардың туындыларын ерекше атап өту қажет.

Қонақтарға жоба аясында Австрияда неміс тілінде басып шығарылған екі кітап ұсынылды: Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» және Ақселеу Сейдімбековтың «Алпамыс пен Байшұбары». Кітаптарды басып шығаруға демеушілік жасаған «Unique Relations GmbH» компаниясы. Осы кітаптардың басып шығарылуы австриялық жұртшылықтың қазақ әдебиетінің үздік туындыларымен танысуына мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Одан басқа, іс-шара барысында Вена университетінің Саясаттану институтының, Орталық азия бойынша тарих ғылымдарының докторы Пауль Гайстың «18 ғасырдағы қазақ қоғамының құрылымы» тақырыбына және Вена университетінің Ориенталистика институтының түркітанушысы, профессор Клаудия Ремердің «Қазақ әдебиеті және халық эпостарының кейіпкерлері» тақырыбына баяндамалары тыңдалды. 

Барлық жаңалықтар