Биыл Жамбыл облысында ШОБ нысандарының өндірген өнімдері 3,3 есеге артты

10 Қараша, 2016 10:32
Биыл Жамбыл облысында ШОБ нысандарының өндірген өнімдері 3,3 есеге артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Тұрғынұлы айтты.

Оның сөзіне сүйенсек, Сарысу ауданында шағын және орта бизнесті дамыту жүйелі түрде жүргізіліп, оны одан әрі өркендету, тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарының санын арттыру, нақты бәсекелестік орта құру, қоғамда халықтың орташа тобын қалыптастыру жолында жұмыстар жасалуда.

2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында шағын және орта бизнес нысандарының өндірген өнімдері 12 млрд. 972,8 млн. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3,3 есеге артқан.

Салық түсімдері де 576,9 млн. теңге болып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 9,0 есеге артық орындалды.

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Сарысу ауданында «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт - бетон зауыты іске қосылды. Зауыт өңірлік индустрияландыру картасына 2015 жылы енгізілді. Салынған инвестиция көлемі 250,0 млн. теңге. Жылына 600,0 млн. теңгенің өнімін өндіру жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру мақсатында қала сыртынан 1,2 шақырым қашықтықтан 5,0 гектар жер телімі ұзақ мерзімді уақытша жалға берілді. Онда 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бағдарламаның екінші бес жылдығында йодталған ас тұзын дайындайтын құны 690,0 млн. теңгенің «Солянная компания «Асыл Тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласынан зауыт құрылысын бастады.

Зауыт құрылысына темір жол тұйығы жақын жерден аумағы 1 гектар жер аукцион арқылы және 3,31 га жер ұзақ мерзімге жалға берілді. 75 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 50,0 мың тонна ас тұзын даярлайды. Зауыттың құрылысы жалғасуда. Жобаны өңірлік индустрияландыру картасына енгізу үшін Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына құжаттары өткізілді.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде ауданда 2013 жылы 4 жоба, 2014 жылы 7 жоба, 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында 8 инвестициялық жобалары іске асырылды.

Бағдарлама аясында аудан бойынша 74 азамат «Бизнес кеңесші» қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, оларға сертификаттар берілді.

Ауылдық аумақтар мен Жаңатас қаласында барлығы 24 семинар-кеңестер өткізілді, - деп сөзін түйіндеді аудан әкімінің орынбасары.


 

Барлық жаңалықтар