Ақтөбе облысының 6 медициналық ұйымы жыл соңына дейін жөндеуден өтеді

8 Қараша, 2016 10:04
Ақтөбе облысының 6 емдік-профилактикалық ұйымында күрделі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев 2016 жылы өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері жөніндегі жиналыс барысында.

«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Қазақстанда жаңа технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға мүмкіндік беретін денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Олардың тиімді іске асырылуы нәтижесінде біздің өңірімізде оң нәтижелерге қол жеткізілді, олардың біреуі – өмір сүру ұзақтығын 72,4 жасқа дейін ұлғайту. Сонымен бірге бірқатар проблемалар да бар», - деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаны белгілі, оның аясында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту, кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту, ауруларды диагностикалау мен емдеу процесінде озық технологиялар енгізу, амбулаториялық медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға ағымдағы жылы бюджеттен 37,9 млрд теңге, соның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге 34,6 млрд теңге бөлінді, бұл 2015 жылға қарағанда артық. Қазіргі уақытта 9 объектінің құрылысы жүргізілуде, соның ішінде 3 объект МЖӘ шеңберінде салынып жатыр. 6 емдік-профилактикалық ұйымдағы күрделі жөндеу жұмысы аяқталу кезеңінде, Әйтекеби, Мұғалжар аудандары мен Ақтөбе қаласында 11 объектіде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Әсет Қалиев.

Оның айтуы бойынша, кадрлар тапшылығымен байланысты проблема біртіндеп шешілуде. Медицина университетінің түлектерімен жоспарлы жұмыс жүргізу арқасында облыстың амбулаториялық-емханалық және ауруханалық ұйымдарына 73 жас маман жұмысқа орналастырылды.

«Сондай-ақ, облыста көптеген ауруларды диагностикалау мен емдеу сапасын жақсарту бойынша шаралар да қабылданған. Бүгінгі күні жүрекке – 117 ота, соның ішінде балаларға – 37, бауырды ауыстырып салу бойынша – 4, бүйректі ауыстырып салу бойынша – 14 ота орындалған», - деп атап өтті Ә. Қалиев.

«Облыс басшылығының қолдауымен ағымдағы жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, халықаралық байланыстарды қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс көлемі жүргізілді. Қыркүйекте Түркиядан, Оңтүстік Кореядан, Ресей Федерациясынан, Белоруссия мен Израильденмедицина мамандарының қатысуымен халықаралық форум өткізілді. Форум қорытындылары бойынша Ақтөбе медициналық кластерінің ресми әріптесіне айналған Оңтүстік Кореяның жетекші клиникаларының бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде MVI израиль медициналық орталығымен, «Синчеон Северанс» госпиталімен - Ли Бен Сок (Оңтүстік Корея), «Turkuaz» түрік компаниясымен жедел және шұғыл жәрдем қызметін жаңарту бойынша меморандумдарға қол қойылды», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының басшысы.  

«2019 жылы әрбір елді мекен медициналық пунктпен қамтамасыз етілуі тиіс, ол үшін бізде барлық жағдайлар бар», - деп қорытты Б. Сапарбаев. 

Барлық жаңалықтар