• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақтөбе облысының геологиялық барлау саласына 5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда

Ақтөбе облысының геологиялық барлау саласына 5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда

4 Қараша, 2016 12:04
Отандық және шетелдік инвесторлар Ақтөбе облысының геологиялық барлау саласына 5 млрд теңге инвестициялайды. Бұл жөнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов Ақтөбеде өткен кездесу барысында келісті.

Қазақстандағы пайдалы қазбаларды барлаумен айналысатын ұлттық геологиялық барлау компаниясының өкілдері минералды-шикізат базасын толтыру және осы салаға инвестициялар тарту мақсатында өңірдегі геологиялық барлау саласының даму мәселелерін талқылау үшін келді, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Өңір басшысы өңірдің минералды ресурстарға бай екенін, ал осы әлеуеттің ұтымды пайдаланылуы облыстың өнеркәсіптік кешенін тиімді индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік және өңірлік саясатын жүргізуге ықпал ететінін атап өтіп, облыстың мүмкіндіктерімен таныстырды.

Облыс әкімі өңір аумағындағы қатты пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу, барлау және бағалау саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.

Қазіргі уақытта «Қазгеология» компаниясы Әйтекеби, Хромтау және Мұғалжар аудандарында іздеу жұмыстарымен айналысады.

Сондай-ақ, Сауд Арабиясынан, Корея мен Жапониядан да инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Б. Сапарбаевтың айтуы бойынша, Ақтөбе облысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына сапары барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы қол қойған меморандумды іске асыруға белсенді қатысады.

Атап айтқанда, «Қазгеология» облыс аумағында қатты пайдалы қазбаларды (мыс, алтын, хром, полиметалдар, күміс және басқалары) барлауға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыс жүргізеді. Инвестициялардың болжамды сомасы 5 млрд теңгеден астам.

Барлық жаңалықтар