• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ф.Етъен: ЭКСПО көрмесінде Қазақстан бар әлемге энергияны қалай тиімді қолдануды көрсетеді

Ф.Етъен: ЭКСПО көрмесінде Қазақстан бар әлемге энергияны қалай тиімді қолдануды көрсетеді

3 Қараша, 2016 13:29
Мәжілісте «Орнықты даму және Париж келісімінің мақсаттарын іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету» конференциясында ЭКСПО көрмесінде Қазақстан бар әлемге энергияны қалай тиімді қолдануды көрсететіндігін Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Етьен айтты.

Конференцияға Мәжіліс депутаттары, ҚР Энергетика министрлігі, сыртқы істер, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қатысады.

Сонымен қатар, конференцияға климаттың өзгеруі және орнықты даму саласындағы отандық және халықаралық сарапшылар, Кәсіпкерлердің Ұлттық Палатасы, Тұрақты дамуға арналған табиғат пайдаланушылардың қазақстандық ассоциациясы, Еуропа Қайта құру және Даму Банкі, БҰҰ ДБ, Орталық Азия үшін Өңірлік экологиялық орталық, «Табиғат» Қазақстанның ассоциациялары мен кәсіпорындарының экологиялық одағы шақырылды.

Конференцияда Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Ғани Сәдібеков «Орнықты даму мақсаттары мен Париж келісімін іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің негізгі міндеттері: нормативтік аспектілері, сын-тегеуріндері мен келешегі» деген тақырыпта баяндама жасады.

Сондай-ақ, ЮНЕП Еуропалық  кеңсесінің өңірлік өкілі және директоры Ян Дусик «Париж келісімі және 2030 жылға арналған Орнықты даму саласындағы күн тәртібі – ғаламдық келісімдерді ұлттық іс-әрекеттерге көшіру» деген тақырыпта сөз сөйледі.

Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі  Франсис Етьен Қазақстанды Париж келісімінің ратификациялануымен құттықтады.

«Ертең 4 қарашада Париж келісімі өз күшіне енеді. Заң жобасының негізгі мақсаты осы келісімді уақытылы ратификациялау және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының экология саласындағы стандарттарын Қазақстанда енгізу болып табылады. 2015 жылғы желтоқсанда Климаттың өзгеруі туралы Біріккен ұлттар ұйымының негіздемелік конвенциясының Тараптар конференциясында Париж келісімі қабылданған болатын. Конференция барысында Қазақстан экономиканы климат факторларымен байланысты жаңа жағдайларға бейімдеу жөніндегі шараларды жоспарлау, әзірлеу жүйесін жетілдіру процестерін заңнамалық қамтамасыз ету қағидаттарына негізделген парниктік газдарды қысқарту бойынша өз міндеттемелерін ұсынды. Басқаша айтқанда, Париж келісімінің мәні әрбір елдің парниктік газдар шығарылымдарының көлемін мүмкіндігінше шектеу міндеттемесін өз еркімен қабылдауы болып табылады. Алдағы уақытта өтетін ЭКСПО көрмесі инновация саласына арналған, шарада біз энергияны қалай қолданатынымызды паш етеміз», - деді ол.

Сондай-ақ, Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джанет Хэкман «Париж келісімінің шарттарын іске асыруға ЕДРБ-нің «жасыл» экономикаға көшу қағидаты арқылы қолдау көрсетуі» жөнінде, ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нысанбаев Ерлан «Қазақстан ормандары: олардың парниктік газдардың шығарындыларын төмендету жөніндегі ұлттық мақсаттарды іске асырудағы әлеуеті мен рөлі» деген тақырыпта сөйледі.

Сонымен қатар, Конференцияның бағдарламасында ҚР КҰП басқарушы директоры Евгений Андреевич Больгерттің, DIW econ GmbH компаниясының сарапшысы Петра Опитц, Тұрақты дамуға арналған табиғат пайдаланушылардың қазақстандық ассоциациясының атқарушы директоры Галина Викторовна Артюхинаның, БҰҰ ДБ Орнықты даму және урбанизация департаментінің директоры  Расул Рахимовтың конференцияның тақырыбына қатысты мәселелер бойынша сөз сөйлейді.

Конференцияда көтерілген мәселелерді талқылау нәтижесі бойынша қорытындылар шығарылып, тиісінше ұсынымдар қабылданатын болады.

 

Барлық жаңалықтар