• Басты
  • Жаңалықтар
  • БҚО-дағы облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы өзінің 20 жылдығын атап өтті

БҚО-дағы облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы өзінің 20 жылдығын атап өтті

6 Желтоқсан, 2013 17:38
Батыс Қазақстан облысындағы кеңес беру-диагностикалық орталық өзінің 20 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Бүгін сіздер көптеген құттықтау сөздер естіп жатырсыздар. Алайда сол алғыстардың ішіндегі шын жүректен пәк пейілмен шыққан өздеріңіздің қызметтік жолдарыңызда алдарыңызға келген пациенттің айтқан алғысына ештеңе де жетпейді. Өйткені сіздер адам жанын аман алып қалуға бірден бір себепкерсіздер. Бай тәжірибе мен мықты ғылыми негіз және білікті мамандар еліміздің денсаулық сақтау саласында азаматтарға көмек қолын соза бермек», - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы К.М.Ирменов.

Хабарламада айтылғандай, орталық тәулігіне 300 кісіге дейін қабылдауға қауқарлы. Кепілдендірілген көлем мен тегін медициналық көмек халыққа амбулаториялық деңгейде жан-жақты қызмет етуге арналған. Сонымен қатар, орталық медициналық зерттеудің кең үлгісін танытады. Ер мен әйелдерге және балаларға арналған базалық зерттеулерден бастап түрлі қызмет түрлерін ұсынады.

Салтанатты шарадан кейін орталықтың интеграциясы мен дамуына бағытталған тақырыптарды қаузауға сеп болған семинар-жиын өтті.

Орталықта бүгінде 230 медициналық қызмет көрсетіледі. ҚР Денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында орталық жоғары жетістіктерге жетіп отыр.

«Атап айтар болсақ, ұйымға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды. Госпитальға дейінгі және амбулаториялық деңгейдегі қызмет көрсетудің көлемі мен сапасы артты. Қалалық ауруханаларға пациенттің сараптама қорытындысын электронды түрде жөнелтетін лабораторияның ақпараттық жүйесі қалыптастырылды. Шаруашылық негіз құқындағы мемлекеттік кәсіпкерлік статусына өту арқылы басқару жүйесі мен қызметкерлердің жалақысы артты. Сонымен қатар, дифференцияланған төлем жүйесі енгізілді», - делінген хабарламада.

Салтанатты шарада БҚО облыстық медициналық мекемелерінің бас дәрігерлері, ардагерлер мен дәрігерлер қатысты.

Барлық жаңалықтар