Астанада «Индустрия 4.0» енгізу мәселелері талқыланды

1 Қараша, 2016 18:51
Астанада «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «ҚИДИ» АҚ, «Казатомпром» АҚ, «АрселорМиттал Темиртау» АҚ сияқты мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен «Индустрия 4.0 және өнеркәсіптегі өлшемдер» атты семинар өтті, деп хабарлады ИДМ.

Германияның Федералды физика-техникалық институтының (РТВ) «Өнеркәсіптік метрологияның дамуын қолдау» атты жобасы аясында ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі ұйымдастырған шарада «Индустрия  4.0» атты әлемдегі өнеркәсіптік дамудың жаңа сатысы қаралды. Оның мәнісі, адам мен машина арасындағы ғана емес, сонымен қатар машиналардың өзара әрекеттестігі орын алатын, ал цифрлы шынайылық физикалық шынайылықты жүзеге асырып, толықтыратын өндірісті ұйымдастыру. 

Семинарда Германияның Фраунхофер (Fraunhofer) атындағы өндірістік үдерістерді автоматтандыру жөніндегі жетекші институтының  сарапшысы Кристиан Тойч сөз сөйледі. Ол қазақстандық мамандарға Индустрия 4.0 бағытын енгізу бойынша негізгі қағидалар мен тәсілдемелер туралы және Германияның тәжірибесі жайында айтып берді.

Fraunhofer институтының тағы бір сарапшысы Эрик Тростман өзінің баяндамасында өнеркәсіпті цифрландыру үдерістеріндегі өлшемдердің маңызы, өлшеудің жаңа тәсілдері мен оларды іс жүзінде қолдану аспектілеріне қатысты мәселелерді көтерді. Ол цифрлы технологияларды енгізуге орай аса сұранысқа ие оптикалық өлшемдер саласындағы соңғы зерттеулерден  мысалдар келтірді.

Германия сарапшыларының қатысуымен өткен семинар, Қазақстанда жетекші өнеркәсіптік технологияларды енгізу үшін жағдай жасау және Индустрия 4.0 жобасына сәйкес өндірістің жаңа әдістеріне көшу мақсатындағы ҚР Инвестициялар мен даму министрлігі жоспарлаған шаралардың қатарына кіреді. Атап айтқанда, бұл отандық кәсіпорындарға осы технологияларды өндіріс тәжірибесіне енгізуге мүмкіндік беретін қажетті сынақ өткізу әдістерімен қамтамасыз ету және сәйкес нормативтік негізді (стандарттарды) әзірлеу арқылы жүзеге асады. 

 

 

Барлық жаңалықтар