Ж. Қасымбек: Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық көпіріне айналды

1 Қараша, 2016 12:21
2016 жылғы 9 ай ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша 66 мың контейнер тасымалданған, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңі ішінде тасымалданған жүк көлемінен 2 есе артық, деп хабарлады инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінің отырысы барысында.

«Ағымдағы жылғы 9 ай ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша 66 мың контейнер тасымалданған, бұл 2015 жылдың ұқсас кезеңі ішінде тасымалданған жүк көлемінен 2 есе артық. 2020 жылға қарай біз бұл көрсеткішті жиырма футтық баламамен алғанда 800 мың контейнерге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Ол Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бағдарламасын қабылдауы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы құрлық көпіріне айналуы жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыруға ықпал етеді. Осы міндетке Қазақстанның Қытай, ЕО және Ресей сияқты ірі нарықтардың аралығында  орналасуы, сондай-ақ өсіп келе жатқан өңірлік сауда (Қытай - ЕО  1,1 трлн АҚШ доллары, Қытай - РФ 68 млрд, РФ - ОА 20 млрд АҚШ доллары) себепші болады.

«Ағымдағы жылы Қазақстан мен ҚХР арасындағы көлік дәліздерін дамыту және тасымалдауларды дамытуға қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмысты үйлестіру үшін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» құрылысының түйіндесуі жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қойылды», - деді министр.

Сондай-ақ, Ж. Қасымбек жаңа халықаралық дәліздер құрылысы есебінен транзиттік әлеуетті іске асыру мақсатында, Қытаймен екінші теміржол өткелі Алтынкөл станциясы салынғанын, Жезқазған – Бейнеу желісі пайдалануға берілгенін атап өтті.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында 16 жоба көзделген (автомобиль жолдары саласында – 11, темір жол саласында – 2, су, азаматтық авиация және логистика салаларында – 1 жобадан), олардың негізгі үлесін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта құру алады.

«Жұмыс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Орталық - Оңтүстік» (Астана - Алматы), «Орталық - Шығыс» (Астана – Өскемен), «Орталық - Батыс» (Ақтөбе – Атырау - Ақтау) жобалары бойынша жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады министр.

Мемлекеттік бағдарлама жобаларын іске асырудың маңызды әлеуметтік әсері де бар. Бүгінгі таңда 75 мың жұмыс орны ашылған, бұл көлік саласында жұмыспен қамтылған халықтың 10%-ға жуығын құрайды.

Барлық жаңалықтар