• Басты
  • Жаңалықтар
  • Елорда әкімдігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басымдықтары түсіндірілді

Елорда әкімдігінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басымдықтары түсіндірілді

31 Қазан, 2016 19:13
Қазақстанда халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде өткен брифингте Астана қ. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлім етті.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен (ТМККК) қамтамасыз ету құқығын өзінде қалдырады: әлеуметтік маңызды аурулар, кезек күттірмейтін жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсету, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация және вакцинация.

Денсаулықты қорғауға жалпыға ортақ құқықты қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылға дейін сақтандырылмаған азаматтарға ТМККК шеңберінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен бірге амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіледі.

 «МӘМС шеңберінде көрсетілетіндер: сақтандырылған азаматтарға дәрілік қамтамасыз етумен бірге амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық медициналық көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастырушы технологиялар, ұзақ мерзімді мейірбикелік күтім»,- деп атап өтті өз сөзінде елорданың Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ільяс Бакиров.

Сондай-ақ, азаматтар ерікті сақтандыруға қатыса отырып, жеке меншік сақтандыру компанияларымен жасалған келісімнің негізінде МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық қызметтерді ала алады.

Қолданыстағы заңнамада қарастырылғандай, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар Әлеуметтік медициалық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ал мемлекет 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап салым сала бастайды.

Мемлекеттің ерекше санаттағы азаматтары үшін мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды. Бұл ретте мөлшерлеменің көлемі кезең-кезеңмен жоғарылайтын болады: 2017 жылы - 4%, 2018 жылдан - 5%, 2023 жылы - 6%, 2024 жылдан - 7%.

Жұмыс берушілердің жарналарының жалпы көлемі кірістің 5% құрайды, жарналар 2017 жылы - 2%-дан басталады, 2018 жылы - 3%, 2019 жылы -  4%, 2020 жылдан - 5%.

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде кіріс табатын жеке тұлғалар) мөлшерлемесі кірістің 7% құрайды. 2017 жылы - 2%, 2018 жылы - 3%, 2019 жылы - 5%, және 2020 жылдан бастап - 7%.

Жалдамалы жұмыскерлер 2019 жылдан бастап кірістерінің 1% көлемінде, 2020 жылдан  2% көлемінде салым жасайтын болады.

 

Барлық жаңалықтар