• Басты
  • Жаңалықтар
  • Латвия «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын қолдау жөніндегі Хартияға қосылды

Латвия «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын қолдау жөніндегі Хартияға қосылды

6 Желтоқсан, 2013 15:45
Латвия Республикасы «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын қолдау жөніндегі Хартияға қосылды. Құжатқа Рига қаласында жұмысын 5 желтоқсанда бастаған «Экологиялық таза технологияларды енгізу арқылы «жасыл» экономикаға көшу» атты қазақстандық-латвиялық ынтымақтастық жөніндегі практикалық конференциясының бірінші күнінің қорытындылары бойынша қол қойылды, деп Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары Вице-Министрі Талғат Ахсамбиев, Қазақстанның Латвиядағы Төтенше және Өкілетті  Елшісі Бауыржан Мұхамеджанов, Латвияның қоршаған ортаны қорғау және өңірлік даму министрлігінің мемлекеттік хатшысы Александр Антонов қатысты», - делінген хабарламада.   

Пленарлық отырыстың аясында сөз сөйлеген «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина Қазақстандағы «жасыл» экономиканың жай-күйі мен болашағына шолу жасай отырып, латвиялық компаниялардың «жасыл» технологияларды әзірлеу мен трансферті, табиғи капиталды бағалау бойынша зерттеу жүргізу, «жасыл» салық салу және бірқатар басқа бағыттардағы мүмкіндіктерін атап өтті. 

Латвияның қоршаған ортаны қорғау және өңірлік даму министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары А.Озала республиканың орнықты дамуының ұзақ мерзімді  стратегиясының әзірленгені, «Қоршаған ортаға ықпал етуді бағалау туралы», «Жасыл» салық салу туралы» заңдарының қабылданғаны, сондай-ақ, мемлекеттік «жасыл» сатып алу жүйесінің енгізілу барысы туралы баяндап берді. 

Конференцияның екінші және үшінші күндері бағдарламаларының аясында конференцияға қатысушылар Рига мен Юрмала қалаларының кәсіпорындарында жаңа технологияларды енгізу бойынша іске асырылған жобалармен таныспақ.        

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 30 қыркүйегінде Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы жөніндегі халықаралық конференция өтті.

 

Барлық жаңалықтар